СІМ өкілі Түркияда көлік апатына ұшыраған қазақстандық отбасы туралы мәлімет берді

СІМ өкілі Түркияда көлік апатына ұшыраған қазақстандық отбасы туралы мәлімет берді
Сурет: Inform.kz

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров: апатқа ұшырағандар қауіпсіздік белдемшесін тақпаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Белгілі журналист, «Зейін Атырау» ерекше балаларды оңалту орталығының негізін қалаған Арайлым Бағытжан Антальядағы ірі жол апатына түсіп, өмірден өткенін бұған дейін хабарлаған болатынбыз. 

«Өкінішке қарай, кеше суық хабар алдық. Жол-көлік апаты болып, бір жанұя  зардап шекті. Оның салдарынан 1989 жылы туған әйел мен екі жасар қызы қайтыс болды. 86 жылы туға ер азамат, сол әйелдің күйеуі ауыр жағдайда, жансақтау бөлімінде жатыр қазір. Ал 2014 жылы туған ер бала ауруханада. Оның денсаулығы мен өміріне ешқандай қауіп төніп жүрген жоқ.

Біздің дипломаттар ол отбасының туыстарымен байланыста. Бүгін-ертең туыстары Түркияға жету керек. Барлық қажетті консулдық, құқықтық көмек көрсетеміз. Бұл отбасыға Түркияға демалуға келген болатын. 31 тамыз күні келген, бүгін елге қайту керек еді. Кеше бір экскурсияға шығып, сафари-көлікке мініп, басқа көлікпен соқтығысқа кезде бәрі мәшинеден ұшып кеткен», - деді ол.

Министрліктің ресми өкілі көлікте 15 адам болған деген дерек бар екенін айтады.

«Соның төртеуі біздің азаматтар. Екеуі көз жұмды. Екеуі қазір ауруханада. Бұл отбасында сақтандыру полюстері болған. Түркияға туыстары жеткен соң, сол жерде нақты шешім қабылданады. Жақын арада Қазақстанға тездетіп жеткізуге көмек көрсетіледі», - деді ол.

Сондай-ақ, СІМ ресми өкілі қазақстандықтарды шетелде жүрген кезде қауіпсіздікке баса көңіл бөлуге шақырды.

«Айта кететін жайт, біздің азаматтар шетелге демалуға барған кезде немесе басқа мақсаттармен жүрген кезде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн деп ойлаймыз. Біздің білуімізше, рас па өтірік пе, тергеу анықтай жатар, қауіпсіздік белдемшесін тақпаған. Содан мәшинеден бәрі ұшып шыққан», - деді Айбек Смадияров.