Шыршаның бағасы қымбаттады

Шыршаның бағасы қымбаттады
Сурет: Аdme.ru

Қазір Алматыда шырша саудасы қызып тұр.

Саудагерлер желтоқсанның соңғы күндерінде шыршаға сұраныс тіптен артатынын айтады, соған орай биыл бағасы да көтеріліпті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Биыл шырша бағасы өткен жылмен салыстырғанда 20-30 пайызға қымбаттады. Адамдар негізінен жасанды шыршаны таңдайды. Өйткені оны жылда қолдануға болады. Қазір жасанды шыршаның алуан түрі бар. Ақ, жасыл, ойыншық ілінген, төбесін қар басқан шыршалар да бар. Жасанды шыршаның бағасы 5 мың теңгеден басталады», - дейді сатушы Жансерік Тағабай.

Сатушылар жылдан-жылға табиғи шыршаны қолданушылардың қатары азайып келе жатқанын айтады.

«Қуанарлығы, жылдан-жылға табиғи шыршаны қолданушылардың қатары азайып барады. Ал жасанды шыршаның бағасы қолданылған материалға байланысты. Негізі Еуропадан жеткізілген шырша қымбат. Ал Қытай шыршасы арзан болады»,- деді сатушы.

Алматыдағы супермаркеттер мен дүкендерде жасанды шыршалардың бағасы базармен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Мысалы, биіктігі 180 см жасанды шырша 18-20 мың теңге көлемінде. Екі метрлік шырша 30 мың теңге және одан жоғары. Бақта өскен, иісі аңқып тұрған сұлу шыршаның бағасы 35 мың теңгеден басталады.

«Сатуға арналған табиғи шыршаны көбі жеке тәлімбақта өсіреді. Кейбіреулері Ресей, Қырғызстан, Қытай сияқты басқа елдерден әкеледі. Дегенмен, сатушылардың тірі шыршаларды сатуға рұқсаты болуы керек. Биылғы жылы рейд барысында заңсыз ағаш кесу немесе сату фактілері тіркелген жоқ. Шыршаны заңсыз кескендер қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылады», - деп жауап берді Алматы қаласы табиғатты қорғау полициясының бастығы Нұрлан Қарпықов.