Сейшел аралдарында 30 күн визасыз жүре аласыз

Сейшел аралдарында 30 күн визасыз жүре аласыз
Сурет: ашық дереккөз

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан мен Сейшел Республикасының арасында 30 күндік визасыз режим күшіне енгенін мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«2023 жылғы 22 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында қол қойылған ҚР Үкіметі мен Сейшел Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім 2024 жылғы 6 қаңтардан бастап күшіне енді. Келісімнің бірінші бабы бойынша, екі елдің азаматтары екінші уағдаласушы тарап мемлекетінің аумағына бір немесе бірнеше рет келу, кету, транзит, уақытша жүріп-тұру үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте азаматтардың шекарадан өткен кезден бастап екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімдегі кезеңде, ал күнтізбелік 180 күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 күннен аспауы керек», - деді СІМ ресми өкілі. 

Оның айтуынша, қазақстандықтар аталған аумаққа сапар жасамай тұрып, ол жақта неше күн болатынын нақты жоспарлап алуы керек.

«Егер Қазақстан азаматтары Сейшел аралдарында 30 күннен астам уақытқа қалғысы келсе, тиісті санаттағы Сейшел визасын алдын ала ресімдеуі керек», - деді Айбек Смадияров.