Саябақтарға сән кірді 

Саябақтарға сән кірді 
Суреттерді түсірген - С.Құсайынов

Күннің көзі нұрын төгіп, айналаң жасыл кілемге оранған шақта ағаштың саясында демалып, саябақ аралап, серуен құрғанға не жетсін, шіркін?!

Атын атап, түсін түстемесек те, қазіргі уақытта Алматының саябақтары қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналды деуге болады. Өйткені, қаланың қай жағына барсаңыз да дәл осы көріністі көресіз.

Жасыл желек жамылған саялы бақта адам қарасы кешке қарай көбейе түседі. Бұл мекен, әсіресе, тыныштықты жаны сүйетін, бір мезгіл бой сергітіп, таза ауамен тыныстағысы келетіндер үшін таптырмас орын. Себебі, мұндағы құстардың сайраған үні мен субұрқақтан ескен салқын леп жаныңды сергітеді. Саябақ ішіндегі орындықтарға жайғасқан жастар да, әңгіме-дүкен құрып отырған қариялар да жап-жасыл бақтың жайлылығын білдіреді. Ал кішкентай балғындардың ойыншық көліктерімен ызғытып жүргені, олардың алаңсыз күлкісі саябақ сәнін еселей түскен... 

Алматыда барлығы 211 саябақ аумағы бар. Ауданы 631,2 га құрайтын жасыл аймақтың ішінде 12-сі саябақ, 124-і сквер, 21-і бульвар, 10 жағалау, 13 жасыл аймақ, 31-і жаяу жүргінші аймағына жатады.

Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы мамандарының айтуынша, бой көтерген саябақтар аудандардың балансына беріледі, яғни жауапкершілік саябақ орналасқан аудан әкімдіктерінің құзырында болады. Халықтың жайлы демалысын қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы қалада орналасқан жалпы аумағы 87,9 га құрайтын 10 саябаққа құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізді. Солардың қатарында сәулеті мен тарихи келбетін сақтай отырып, Мемлекеттік Мұражай мен Оқушылар сарайының жанындағы тынымбақтар, Әлия – Мәншүк, Аэропорт даңқы,  ҚазақБритан университеті тынымбақтары, Байсейітова көшесінде орналасқан тынымбақтар қайта жаңғыртудан өтті. Нәтижесінде серуен құратын аймақтары, балалар ойыны мен спорт алаңдары бар, жасыл аумақтар ел игілігіне ұсынылды.

Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, Алатау, Наурызбай, Түрксіб, Медеу мен Бостандық аудандарын қамтитын жасыл аймақтар қатары көбейе түспек. 

Саябақтарды аралап жүріп, тұрғындармен де тілдестік.

– Жаздың аптап ыстығында жанға сая. Жерге шаншылған ағаштар етек жайып жайқалып тұрған соң тынысың ашылады. Бізді таныстырған да, табыстырған да осы саябақ. Жолдасымыз екеуміз осында танысқанбыз. Сондықтан болар, отбасымызбен осы саябақта көп серуендейміз. Жастығымызға куә болған бұл мекеннің бүгінгі көркі көз тоярлық. Барлық жағдай жасалған. Алматы осындай жасыл желегімен де ерекше ғой, дейді балаларымен серуендеп жүрген Сымбат есімді келіншек.

Иә, қалай десек те, саябақтар қаланың сәні екені рас. Сондықтан сіз бен бізге жайлылық сыйлайтын осындай демалыс орындарын күтіп ұстау, ол жердің тазалығын сақтау тек жауапты мекемелерге ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға да жүктелген жауапты іс екенін ұмытпасақ болғаны.