Роман Скляр қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік органдарға келтірілген шығынның жалпы сомасын айтты

Роман Скляр қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік органдарға келтірілген шығынның жалпы сомасын айтты
Сурет: Inform.kz

Шығынның жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрады.

Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қаңтар оқиғасы кезінде нұқсан келген нысандар қашан қалпына келтірілетінін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Үкімет жергілікті атқарушы органдармен және ұйымдармен бірлесе отырып, тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен мемлекеттік органдардың нысандарын қалпына келтіру және кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген залалды өтеу бойынша жұмыс жүргізуде. Қаңтар оқиғасы кезінде еліміздің 8 облысында мемлекеттік органдардың 42 ғимараты зардап шекті. Бұл - Алматы, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарының қалалары. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 28 млрд теңге республикалық бюджеттен 18 нысанды қалпына келтіруге жұмсалды», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, ол бүкіл нысандарға техникалық байқау жүргізілгенін атап өтті.

«Нәтижесінде 28 ағымдағы жөндеу, сондай-ақ 14 ғимаратқа күрделі жөндеу және қайта жарақтау қажет екені анықталды.Бүгінгі таңда 21 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Наурыз айының соңына дейін 5 ғимаратқа, қалған 2 нысанға мамыр және маусым айларында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Күрделі жөндеу және қайта жарақтауды қажет ететін 14 мемлекеттік нысан бойынша жұмыстар жүргізілуде. Кестеге сәйкес, 7 ғимарат бойынша жұмыстар наурыз айында, 5 нысан бойынша ағымдағы жылдың маусым айында аяқталады», - деді Роман Скляр.