Ұлттық қауіпсіздік комитеті «өте құпия» 15 істі тергеп жатыр – Бас прокурор

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «өте құпия» 15 істі тергеп жатыр – Бас прокурор
Сурет: Elorda.info

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді

Бас прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысының құқық қорғау және арнаулы органдарға, қаңтар оқиғасының себептерін егжей-тегжейлі тергеп-тексеруді тапсырғанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Аталған фактілер бойынша, барлығы 3 770 қылмыстық іс қозғалды. Басым бөлігі, Ішкі істер министрлігінің өндірісінде, олар – адам өлтіру, ұрлық, қарақшылық, бұзақылық, қару ұрлау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, тергеудің заңсыз тәсілдерін қолдану фактілері бойынша 234 істі жүргізуде», – деп атап өтті Бас прокурор. 

Сонымен қатар ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті қандай істерді тергеп жатқанына тоқталды. 

«Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау, билікті басып алуға әрекет ету және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша 15 істі тергеуде. Бұл істер бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Мәсімов  және оның 3 орынбасары, сот санкциясымен қамауға алынды. Осы органның тағы 2 басшысы, билікті асыра пайдалану күдігімен, қылмыстық жауаптылыққа тартылуда. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің істеріне «өте құпия» деген белгі берілді. Осыған орай тергеу нәтижелерін жан-жақты жария ете алмаймыз», - деді Берік Асылов.