Рейстер кешігуінің басты себептері неде?

Рейстер кешігуінің басты себептері неде?
Сурет: ашық дереккөз

Қазақстандық FlyArystan әуекомпаниясы рейстерінің кешігу себептерін атап, мұндай жағдайларда жолаушыларға қандай қолдау шаралары көрсетілетінін айтты, - деп хабарлайды flmaty-akshamy.kz.

Әуетасымалдаушы рейстердің кешігуі мен тоқтатылуын болдырмау үшін барлық шараны қабылдайтынын, өкінішке қарай, әуекомпанияның бақылауынан тыс жағдайлар да орын алуы мүмкін екенін айтты. Атап айтқанда:

  • ауа райы жағдайлары;
  • табиғи апаттар;
  • ұшақ қозғалтқышына құстардың түсіп кетуі;
  • басқа да күтпеген жағдайлар.

Мұндай жағдайда жолаушыларға қолдау ретінде келесі қызметтер ұсынылады:

  • Рейс статусы 2 сағаттан артық уақытқа өзгергенде - салқын сусындармен қамтамасыз етіледі;
  • Рейс статусы 4 сағаттан артық уақытқа өзгергенде - ыстық тамақ ұсынылады;
  • Рейс статусы 5 сағаттан артық уақытқа өзгергенде, жолаушылар орын болған жағдайда жақын арадағы рейске бір тегін қайта брондауды жүзеге асыра алады.

Ал әуекомпания кесірінен болатын кешігу себептері келесідей болуы мүмкін:

  • Өндірістік себеп;
  • Техникалық себеп.

Әуетасымалдаушы кесірінен рейс статусы өзгерген жағдайда жолаушыларға төмендегідей қызметтер ұсынылуы тиіс:

  • Жеті жасқа дейінгі баламен саяхаттайтын жолаушы ана мен бала бөлмесімен (болған жағдайда) қамтамасыз етіледі;
  • Рейс статусы екі сағаттан артық уақытқа өзгерген жағдайда жолаушы сусынмен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ ұзақтығы бес минуттан аспайтын екі рет қоңырау шалуға (соның ішінде халықаралық желіге) немесе электронды пошта арқылы екі хабарлама жіберуге құқылы;
  • Рейс статусы 4 сағаттан артық уақытқа өзгерген жағдайда - ыстық тамақ беріледі;
  • Рейс статусы күндіз 8 сағаттан артық және түнде 6 сағаттан артық уақытқа өзгерген жағдайда, жолаушылар қонақ үйге орналастырылуға тиіс. Бұдан бөлек әуежайдан қонақ үйге дейін және кері бағытта трансфермен қамтамасыз етіледі;
  • Рейс статусы 5 сағаттан артық уақытқа өзгерген болса, таңдауына қарай жолаушылар келесі нұсқалардың бірін рәсімдей алады:
    - жақын арадағы рейске бір тегін қайта брондау - орындар болған жағдайда;
    - қайта брондау мүмкін болмаса, билет құны толық қайтарылады.

Қызмет алу үшін жолаушылар әуежайдағы әуекомпания өкілдеріне жүгінуі қажет. Егер жолаушылар тиісті өкілдерге жүгіне алмаса, әуекомпания төлемді растайтын құжаттарды ұсынғанған жағдайда, қонақүй және тамақтану шығындарын өтеуге дайын екенін жеткізді.