Ресейдегі зауытта күшті жарылыс болды

Ресейдегі зауытта күшті жарылыс болды
Сурет: Zakon.kz

Ресейдің Шахты қаласындағы зауытта болған өрт пен жарылыс салдарынан кем дегенде тоғыз адам зардап шекті, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.  

"Известия" сайтының хабарлауынша, 17 қаңтарда Ресей Федерациясының Ростов облысы Шахты қаласындағы зауытта матрацтар мен жастықтарға салма шығаратын цех өртенген. Өрт 200 м² аумақты қамтыды. Кейін жалын 360 м² аумаққа жайылды.

Басылым жариялаған видеоға қарағанда, өрттің салдарынан жарылыс болып, ғимараттың бір бөлігін қиратып кеткен.

Өртті сөндіруге 58 өрт сөндіруші мен 17 техника жұмылды. Оқиға салдарынан тоғыз адам зардап шекті. Ростов облысының губернаторы Василий Голубевтің айтуынша, бір зардап шегушіге сол жерде медицина көмегі көрсетілді. Тағы үшеуі күйік алды, бесеуі түрлі ауырлықтағы жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар жоқ.

Ростов облысының денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Шахтыға аттанды. Өрт қазірдің өзінде сөндірілді.

Бір апта бұрын Семейдегі цемент зауытында ірі өрт болды.