Ресейде ковид өршіп тұр

Ресейде ковид өршіп тұр
life.ru

Көрші елдің ауруханаларында қазір 210 мыңнан аса адам жұқпалы дертке қарсы ем-дом алып жатыр, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Билік бұл жағдайдан қауіптеніп, коронавирустың алдын алатын анықтау жүйесін енгізбек. Кей аймақтарда індетке қарсы шектеулер енгізіле бастады. Мәскеуде вирус жұқтыру көрсеткіші бұған дейінгідей жоғарғы деңгейге жетпесе де, жағдай алаңдарлық.

Соңғы бір аптада вирустың таралуы 30 процентке артып, ауруханаға түскен науқастар саны 20 процентке өсті. Қалада дертті алдын ала анықтау жүйесі, яғни адамдарды жаппай тестілеу енгізілмек. Ірі сауда орындарында ПТР-тест тапсыру орталықтары ашылып, мектептерде тестілеу жүргізіледі. Ал ауруханаларда респираторлық ауру нышанымен келген тұрғындардың бәрі 10 минуттық экспресс-тест тапсырады. 

Індеттің жаңа ошақтарын тез анықтау өте маңызды дейді мамандар. Себебі қазір Ресейдің барлық аймағында вирустың таралуы қайта күш алып, өлім-жітім көбейген. Бірқатар аймақта QR жүйесі енгізіліп, зейнеткерлердің вирус жұқтыруы артқанына байланысты қарттарды оқшаулау қолға алынды. Аурудан жазылып шыққан азаматтар да тәуекелі жоғары топқа жатқызылған.

Қазір Ресейде коронавируске байланысты 976 мың адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Дертке қарсы халықтың 40 проценті толық вакцина алып, 49 миллионы бірінші дозасын салдырып үлгерген.