Райымбек рухымен қанаттанған жас талап

Райымбек рухымен қанаттанған жас талап
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ұстанымға берік менің ұстаздық ғұмырымда 5-сыныптан бастап жетекшілік ететін 11 «Г» сыныбы айрықша орын алады. «Ақылды тентектердің»  асау арынын мен әдебиет пен өнер арқылы тәрбиелеуге тырыстым.   

Шәкірттерімнің бойында жылт етіп көрінген дарынды қолдап, сағын сындырмай сенім білдіргенімде оқушыларым оң тұстарымен таныла бастады. Сыныптағы әр оқушым — «сегіз қырлы, бір сырлы»  өнерлі балалар. Дегенмен, оқушыларымның ішіндегі ең зерегі – Райымбек Нұрдаулет. Райымбек — жасындай жарқылдаған өткір, таңғы шықтай жаны таза, поэзияға құмар, ақылы зерек, Райымбек бабаның рухымен қанаттанған жас талап. Алғаш сыныбыма келгенде «тентек» тізімінің көшін бастап жүрген бала еді. Райымбекті тәрбиелеген — Абай мен Мұқағалидың өлмес руһы, өшпес мұрасы. Мұқағалидың «Райымбек! Райымбек!» поэмасын жаттағалы біздің Райымбектің санасын есімі арнап қойылған ұлы атасындай ел қорғаны болар ер болу арманы жаулады. Содан бері жігерлі жас талай рет мектепішілік, аудандық, қалалық, республикалық деңгейдегі мәнерлеп оқу сайыстарының жүлдегері атанды. Мектепішілік мәнерлеп оқу сайысынан екі рет бас жүлдені иемденсе, Жамбыл кітапханасында болған сайыстан екінші орын алды. Мұқағали мен Абай өлеңдерін жатқа білетін өрен қалалық «Абай оқуларында» жүлделі үшінші орынға ие болды. Бойындағы күш-қуатын өнер-білім жолына бұрған Райымбек — бүгінде қызыл аттестатқа үміткер үздік оқушы.

«Өнерлі өрге жүзер»  демекші, Райымбек шығармашылық шаралардың белсенді қатысушысы, мектеп мақтанышына айналды. Актерлық қабілеті көз сүйсіндіретін дарынды жас — мектепшілік «Ақсарай» театрының белді мүшесі. Табиғатынан мінезі ашық-жарқын жеткіншек, ұтқыр әзілдерімен көпшіліктің көңілін көтере біледі, осы қасиетіне орай ол — мектепшілік квн клубының белді мүшесі және алтын ұямыздағы квн ойындарының чемпионы.

 Есімі тұтас елдің ұранына айналған бабасының атын ардақтаған жас болашақта елінің гүлденуіне үлес қосатын тұлға болуды армандайды. Келешегінен көп үміт күттіретін шәкірт қазір «Қазақстанның жас патриоттары» ұйымының Президенті. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң — Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген хакім Абайдың өсиетін жадына ұстаған жас ұрпақ алашқа адал қызмет етуді көксейді.

Армандарың аласармасын, сенің шығар шыңыңның биік боларына ұстаздық жүрегіммен сенім білдіремін, Райымбек!