Расул РЫСМАМБЕТОВ, экономист: Ауыл шаруашылығы - маңызды сала

Расул РЫСМАМБЕТОВ, экономист: Ауыл шаруашылығы - маңызды сала
almaty-akshamy.kz

Президент Қ.Ж.Тоқаевтың екі апта бұрынғы Жолдауындағы бірінші тармақ пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық дамуға арналған еді. Екі жылдан бері екі өкпеден қысып тұрған пандемияда алдымен экономика саласы айтарлықтай зардап шеккені рас. Мемлекет басшысы Жолдауда тығырықтан шығудың жолын көрсетті.

Менің ойымша, дәл қазір ауыл шаруашылығына айтарлықтай назар аударып, шағын қалалар мен мегаполистің шеткі аймақтарын дамытуға күш жұмсау керек. Алысқа бармай-ақ бір мысал келтірсем, 1 миллиардтан астам тұрғыны бар көрші ел жасанды, сапасыз тамақтан шаршады. Олар өздерінің тамағынан шығып, табиғи өнімге ден қоя бастады. Біздің шығыс өңірден олар Қазақстанда өндірілген сапалы өнімдерді сатып алатынын жақсы білеміз. Кең-байтақ жерімізде өзіміз ауыл шаруашылығына басымдық берудің орнына біз сапасыз әрі құнарсыз шетелдік өнімдерді сатып алып отырмыз. Ауыл шаруашылығынан кейін бізге ел ішінде логистиканы дамыту қажет. Себебі, біздің елімізде аймақішілік сауда өте нашар. Маңғыстауда азық-түлік қымбат. Неге? Себебі, Алматыдан жеткізу ол жаққа айтарлықтай қымбатқа түседі. Сол үшін Қазақстанның әр бұрышынан басқа бір нүктесіне дейін біз өз өнімдерімізді арзан әрі жақсы күйде жеткізе алуымыз керек. Осы жерде облыстар арасындағы логистиканы дамыту өзі-ақ сұранып тұр.

Қазір «Өнеркәсіп туралы заң» дайындалуда. Соған қатысты мынадай ұсынысым бар. Бұрын экономикалық география деген пән оқытылатын. Сол бізге қазір ауадай қажет дер едім. Үкімет қазір қай өңірде қай саланы дамыту керектігін жақсы білу керек. Бір-бірімен байланысты 3–5 индустрияның дамуына басымдық беру қажет.

Мәселен, ол қоймалар жүйесі не аймақтық логистикалық компаниялар болуы мүмкін. Яғни қандай кәсіпорынды қай өңірде ашып, оны қай аймақтарға жеткізу тиімді дегенге маңыз беруіміз керек.