Президент Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мейрамымен құттықтады

Президент Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мейрамымен құттықтады
Сурет: Informburo.kz

Ерен еңбектері жоғары бағаға лайық.

19 қазан күні Қазақстанда құтқарушылар күні аталып өтеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық құтқарушыларды кәсіби мейрамымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Құрметті достар!

Баршаңызды Қазақстан Республикасының «Құтқарушы күні» кәсіби мерекесімен құттықтаймын!

Сіздер өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, үнемі төтенше жағдайда жұмыс істеп жүрсіздер. Бұл мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келесіздер.

Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез-келген сынаққа дайын болу – төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап. Табиғи және техногенді апаттар кезінде, күнделікті сын сәтте сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Халқымыздың игілігі мен табиғатымыздың құндылықтарын түрлі қауіп-қатерден қорғап, бүгінге дейін мыңдаған адамның ғұмырын сақтап қалдыңыздар. Сондықтан ерен еңбектеріңіз ең жоғары бағаға лайық.

Сіздер алдағы уақытта да қызметтік борыштарыңызды мінсіз атқарып, ел алдындағы маңызды миссияны жалғастыра бересіздер деп сенемін.

Жауапты жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!», - делінген құттықтауда.