Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Инвестициялар министрі Мұхаммед әл-Сувейдимен келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Инвестициялар министрі Мұхаммед әл-Сувейдимен келіссөз жүргізді
Сурет: Akorda.kz

Мемлекет басшысы Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясы аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің Инвестициялар министрі, ADQ холдингінің басқарушы директоры Мұхаммед әл-Сувейдимен кездесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед әл-Сувейди екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың қарқынды дамуына көңілдері толатынын айтып, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударды.

Мемлекет басшысы Конференция аясында Қазақстан мен ADQ және оның еншілес компаниялары арасында қол қойылған келісімдерді жоғары бағалады. Сондай-ақ екіжақты байланыстардың қазіргі динамикасын сақтауға дайын екенін мәлімдеді.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының аумағында жалпы қуаты 10 ГВт болатын төмен көміртекті энергетиканы дамыту жөніндегі меморандумға және қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының жобасы бойынша Masdar компаниясымен Үкіметаралық келісімге қол қоюдың маңыздылығы атап өтілді.