Pfizer алғысы келген алматылықтар емханаға өтініш жасауы керек

Pfizer алғысы келген алматылықтар емханаға өтініш жасауы керек
Сурет: Tengrinews.kz

Себебі, екпені алдымен аяғы ауыр және бала емізетін әйелдер мен жеткіншектерге салмақ.

Қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың мәлімдеуінше, америкалық екпемен ревакциналануға ниет білдіргендер емханаға өтінім беруі қажет, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Егер алматылықтар Pfizer-мен ревакциналанғысы келсе, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханасына баруы қажет. Онда мамандардың көмегіне жүгініп, америкалық екпені алғысы келетінін мәлімдесе, оның толық аты-жөнін тізімге енгізеді. Бірақ алдымен Pfizer екпесін алуға тиісті үш топ вакциналанып бітуі керек. Артық доза қалған жағдайда ғана ниет білдірушілерге Pfizer ұсынылуы мүмкін», – деді Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

Елімізде көптен күткен америкалық Pfizer вакцинасының 4 миллионнан аса дозасы бар. Жүк тиелген ұшақ өткен түнде Алматы халықаралық әуежайына келіп қонды. Жеткізілген екпенің дозалары бөлініп, бірден әр қалаға жедел ұшақпен жөнелтілді. Ал Алматыда вакцинаның 46 800 дозасы қалды. Ол да бүгін қала емханаларына таратылды.