Петропавлда төтенше жағдай жарияланбақ

Петропавлда төтенше жағдай жарияланбақ
Сурет: 24.kz

Оған қалада болған өрт себеп болып отыр.

Бұл туралы қалалық әкімдік өкілдері мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейік, жетінші мамыр күні «Береке» ықшам ауданында қамыс өртеніп, тілсіз жау жеке секторға жайылған еді. Салдарынан тоғыз баспана толығымен жанып кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

Тағы екеуі қазір тұруға жарамсыз. Сондықтан бүгінде он бір отбасының жетеуі уақытша баспаналарға жайғасты. Қалған төрт жанұя әзір туған-туыстарын паналауға мәжбүр. Мұнымен қоса зардап шеккен баспана иелеріне 100 АЕК көлемінде материалдық өтемақы төленетін болады. Ал төтенше жағдай жарияланған соң, арнайы мамандар барлық шығынды есептейтін болады. 

«Ашық үкіметтік емес ұйымдардың сайтында төтенше жағдайды енгізу бойынша жоба енгізілді. Қазір ол онлайн қаралып жатыр. Қаралғаннан кейін әділет департаментіне жіберіледі. Тіркелгеннен кейін төтенша жағдай жарияланатын болады. Төтенше жағдай бізге осы зардап шеккен тұрғындарға барынша материалдық көмекті заң аясында көрсетуі қажет», - дейді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.