Меншік құқығын қорғау рейтингінде Қазақстан 75-орында тұр

Меншік құқығын қорғау рейтингінде Қазақстан 75-орында тұр
Сурет: Abium24.ru

Былтыр 71-орында болған.

Меншік құқығын қорғау деңгейі бойынша рейтингте Қазақстан 129 елдің ішінде 75-орынға тұрақтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz сілтеме жасап.

Былтыр 71-орында болған. Еліміздің индексі – 4,629. Айта кету керек, бұл индекс неғұрлым жоғары болса, елде меншік құқығы соғұрлым жақсы қорғалады дегенді білдіреді.

Осы жылдың 10 айында бұл салада 107 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Бұл былтырғыға қарағанда 5%-ға артық. 

Республика бойынша алып қарайтын болсақ, құқықбұзушылықтардың басым бөлігі Алматы қаласында тіркелді (26,6 мың жағдай). Антилидерлер үштігінде Астана қаласы (12,9 мың құқықбұзушылық) мен Алматы облысы (8,4 мың құқықбұзушылық) бар.

Жаңадан құрылған үш облыста құқықбұзушылықтың ең аз саны тіркелді.

Мүлікке қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтардың жартысына жуығы ұрлық (51,9 мың жағдай) болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда  6,7%-ға артық.

Бұдан бөлек алаяқтықтың 37,3 мың жағдайы (+7,1%) тіркелді, ұсақ ұрлық – 10,2 мың жағдай, тонау – 2,1 мың жағдай, мал ұрлығы – 1,5 мың жағдай.

ТМД елдерінің ішінде елімізді Әзірбайжан (60-орын) мен Армения (63-орын) басып озды. Ал, Ресей (85-орын), Молдова (95-орын) және Украина (105-орын) елдеріндегі көрсеткіштер айтарлықтай төмен.

Аталмыш рейтингте Финляндия, Сингапур және Швейцария көш бастады. Бұл елдерде меншік құқығы жақсы қорғалған. Ең соңғы орында Венесуэла орналасты.