Отандық ғалымдар балық емдейтін дәрі ойлап тапты

Отандық ғалымдар балық емдейтін дәрі ойлап тапты
Сурет: Kaznu.kz

Бекіре балықтарын бактериядан емдейтін антибиотик.

Биология және биотехнология мәселелері ғылыми зерттеу инсититутының мамандары осындай жаңалық ашты. Әлемдік сұранысқа ие препарат қазір клиникалық сынақтан өткізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

«Химерлік Индолизин» деп аталатын препарат балықтардың ағзасындағы қауіпті бактерияларды жойып қана қоймай, олардың адам ағзасына таралуын шектейді екен. Балықтарда кеңінен таралған қауіпті бактериялармен күресте тиімді антибиотик университет қабырғасындағы мына лабораторияда жасалған. «Химерлік Индолизин» препараты балықтардың ағзасындағы бактериялар вирусының геномынан жасалған.

«Препаратқа бактерияларда төзімділік ешқашан пайда болмайды. Екіншіден ол балықтың еті болсын немесе жануардың еті болсын, сол арқылы адамның ағзасына жетпейді. Ол өте аз уақытта жаңа патогендерді, ауру туғызатын аса қауіпті патогендерді 1 минут, жарты сағаттың ішінде толығымен өлтіреді», - дейді  «Биология және биотехнология мәселелері» ҒЗИ директоры Амангелді Бисембаев.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінде су жануаларында кездесетін бактериялар қарапайым антибиотикке төзімді болып алған. Нәтижесінде адам ағзасына өтіп, әртүрлі ауруларды қоздырып жатыр. Ал жаңа препараттың мақсаты – осының алдын алу. 

«Біз қазір бактерияға қарсы индолизин негізіндегі препараттың тиімділігін тексеріп жатырмыз. Бұл ғылыми жұмыс 2019 жылдан бері зерттеліп келеді. Осы жаңалық аясында мен өзімнің PhD диссертациямды қорғаймын. Өзге мемлекеттің ғалымдары әлі мұндай нәтижеге жеткен жоқ», - дейді генетика мамандығының докторанты Серік Бакиев. 

Отандық ғалымдар адам ағзасына өтпейтін, бактерияға төзімді Химерлік Индолизин өнімін ойлап табумен ғана шектелмеген. Препаратты жетілдіру арқылы тасымалдау жолын да тауыпты. Ғалымдар енді осы антибиотикті өзге жануарлар мен адамдарға сынақ жасамақ.