Оқушылар арасында қандай ауру түрлері көбейген?

Оқушылар арасында қандай ауру түрлері көбейген?
Сурет: Letidor

Мектеп жиһаздары оқушылардың бойы мен жасына сай келе бермейді.

Былтыр жалпы білім беретін мектептердің 2 911 777 оқушысы тереңдетілген медициналық тексеруден өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Оның ішінде 2 480 540 бала (85%) қаралды. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Парламент депутаттарының сұрағына берген жазбаша жауабында көрсеткен, деп жазады inbusiness.kz.

Медициналық қарап-тексерулердің талдауы көрсеткендей, оқушылар арасында көру органдарының патологиясы бірінші сатыда тұр (2021 жылы – 60490 оқушы).

«Оқушылардың көру қабілетінің нашарлауының негізгі себептері: оларды ақпараттық технологиялармен таныстыру, оқытуды компьютерлендіру: гаджеттер мен ұялы телефондарды белсенді қолданумен байланысты оқу жүктемесінің артуы, мобильді құрылғылардың әлеуметтік желілері арқылы шамадан тыс ақпараттық жүктемелер, көру гигиенасының бұзылуы, көру режимінің сақталмауы», - дейді Премьер-Министрдің орынбасары.

Екінші орында - 2020 жылмен салыстырғанда 2,7 есе өскен нейропсихиатриялық аурулар (2021 жылы-15946, 2020 жылы - 5872).

«Өсудің себептері - психоэмоционалды жағдайлардың жоғарылауы, әлеуметтік желілер арқылы шамадан тыс ақпараттық жүктеме, телефон мен гаджеттерге психологиялық тәуелділік, күнделікті режимді сақтамау және басқа себептер», - дегенді айтады Тоғжанов.

Үшінші орында қалып патологиясы (сколиоз), 2021 жылы 6112 балада сколиоз анықталды (2020 ж. - 2517).

«Дене бітімінің бұзылуына ықпал ететін себептер - қозғалыс белсенділігінің жеткіліксіздігі, бой мен жасына сай емес мектеп жиһазына отыруы, отыру кезінде дененің дұрыс орналаспауы, үстелге «дұрыс отыруды» сақтамау, арқаға асатын сөмкенің орынына қолдорба ұстау, алдын алу жаттығуларын орындамау немесе тұрақты орындамау, т.б.» - делінген жауапта.

Ералы Тоғжановтың жазуына қарағанда, профилактикалық тексерулер, скринингтік зерттеулер есебінен балаларды дер кезінде анықтау, диспансерлік есепке қою және оларды сауықтыру бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіледі.

Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне келесі тапсырмалар берілген:

– мектепке дейінгі жастан бастап бала, ата-ана және педагогтарды гигиеналық оқыту мен тәрбиелеу;

– балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, мектеп жиһазына қойылатын талаптарды күшейту.

Айта кетейік, аталмыш ақпаратқа қарағанда, 2021 жылы Ақмола (16%), Маңғыстау облыстарында (55,8%) оқушыларды медициналық тексерумен қамтылған үлес төмен болды.