Наурызбай ауданындағы арық желілерін салу жұмыстары қарашада аяқталады

Наурызбай ауданындағы арық желілерін салу жұмыстары қарашада аяқталады
Сурет: Inform.kz

Ұзындығы 1 100 метр Ойжайлау өзенінің арнасы нығайтылды.

Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданында жайлы қалалық ортаны қалыптастыру үшін жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Әкімнің айтуынша, тұрақты су басатын жерлерді жою үшін ауданда 6 учаске анықталды. Төрт учаске бойынша жұмыстар аяқталды: Ойжайлау өзенінің ұзындығы 1 100 метр арнасы нығайтылды, Төлебеков, Талжанов, Жадыра көшелеріне ұзындығы 800 метр арық желісі салынды.

«Биылғы қараша айының соңына дейін Райымбек даңғылындағы «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінен Ақсай өзенінің арнасына дейін ұзындығы 1 400 метр және Сәбденов көшесіндегі арық желісін абаттандыру аяқталады. Сондай-ақ, жоспарланған 11 км болатын 7 көшеден Карьерная, Дәулеткерей және Егінсу атты үш көшенің арық желілері салынды. Қалған Рымжанов, Аспандияров, Айболит, Сейтбеков атты төрт көшенің жұмыстары осы жылдың қараша айының соңына дейін аяқталады», -  деді Ерболат Досаев.

Сонымен қатар қала басшысы бұл ауданда қанша ағаш кесілетінін айтты.

«4 800 ағашты санитарлық кесу және 40 авариялық жағдайдағы ағашты санитарлық отау жұмыстары жүргізілді», - деді қала әкімі.