Наурызбай ауданында су құбыры мен канализация желілерін жобалау және салу жұмыстары жүріп жатыр

Наурызбай ауданында су құбыры мен канализация желілерін жобалау және салу жұмыстары жүріп жатыр
Сурет: 365info.kz

Қазіргі таңда бес шағынауданда ұзындығы 195 км су құбыры және канализация желілері тартылды.

Бүгін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу өткізуде. Жұртшылықпен өткен жиында аудандағы ауыз су, су құбыры, канализация желілерін тарту, сумен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қала басшысы Е.Досаевтың айтуынша, Ақжар, Таусамалы, Шұғыла 3 шағын ауданында құрылыс жүріп жатыр, жоспарланған 30 км су құбыры және канализация желілерінің 19 киллометрі салынды. Қалған 11 киллометрі 2023 жылдың маусым айына дейін аяқталады.

«Сондай-ақ, 3 шағын аудан бойынша ұзындығы 135 км су құбыры және 132 км канализация желілерінің жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Яғни, "Қарағайлы" шағынауданында 25 км су құбыры және22 км канализация желілері, "Ақжар" шағынауданында 20 км су құбыры және 20 км канализация желілері, "Тастыбұлақ" шағынауданында 90 км су құбыры және 90 км канализация желілері салынады», - деді қала әкімі Ерболат Досаев.

"Ақжар" және "Қарағайлы" шағынаудандарының құжаттары желтоқсан айында мемлекеттік сараптамадан шығады, құрылысы 2023 жылдың 2-ші тоқсанда басталады, ал "Тастыбұлақ" бойынша сараптамасы келесі жылдың наурыз айында шығады, құрылысы ІІІ тоқсанында басталады.

"Ақжар" шағынауданын сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін осы жазда, Ақсай сүзгі станциясын салу кезінде, мен Алматының жер асты су қорларынан су тарту үшін сорғы станциялары мен магистральдық су құбырын салу туралы шешім қабылдадым», - деді қала басшысы. 

Алматының батыс бөлігін сумен қамтамасыз ету үшін «Виват» компаниясы желтоқсан айына дейін ұзындығы 34 км батыс канализация коллекторының жобалау-сметалық құжаттамасын аяқтауды жоспарлап отыр. Содан кейін осы жобаны қаржыландыру мәселесі пысықталады (шамамен құны – 58 млрд. теңге).