Мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет - Президент

Мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет - Президент
Сурет: Inbusiness.kz

Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау керектігін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Елімізде күнделікті қажырлы еңбегімен мемлекетімізді өркендетуге және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мол үлес қосып жүрген жандар аз емес. Олардың қатарында мұғалім, дәрігер, ғалым, кәсіпкер, тәртіп сақшысы, әскери қызметші, құтқарушы және басқа да мамандық иелері бар. Қоғамға үлгі болатын осындай жасампаз әрі отаншыл жандарды мемлекет әрдайым қолдауға тиіс.

Мен өзім бұл мәселеге айрықша мән беремін. Сол себепті, әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше болуы, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды. Сол үшін мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет», - деді Президент.

Бұл ретте Мемлекет басшысы ұлттық идеологияны қалыптастыру үшін тарихи тұлғаларды жүйелі дәріптеуді қолға алу керектігін айтты.

«Жуырда біз мемлекеттік сыйлықтарға халқымыздың біртуар перзенттерінің есімін бердік. Әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтар бар. Мұндай ұстаным ұлы тұлғаларымыздың есімін ел жадында сақтау үшін қажет. Сол арқылы біз олардың озық ойлары мен өнегелі істерін дәріптейміз. Шын мәнінде, ұлттық идеология осындай маңызды шешімдер арқылы қалыптасады», - деп тоқталды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.