Медеу ауданында 2021 жылдың соңына дейін қанша мектеп пен балабақша жөнделеді?

Медеу ауданында 2021 жылдың соңына дейін қанша мектеп пен балабақша жөнделеді?
almaty-akshamy.kz

Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауданның жалпы білім беру, мектепке дейінгі және  медициналық мекемелерді реконструкциялау туралы айтты, деп хабарлайды  almaty-akshamy.kz

Медеу ауданында 29 102 оқушыға білім беретін барлығы 28 мемлекеттік мектеп бар. Оқушы орнының тапшылығы 4 561-ді құрайды.

Аудан әкімі Ә. Масабаев оқу жылының басында Алатау шағынауданындағы №7 мектепті сейсмикалық нығайту мен ондағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталатынын хабарлады. 

Сондай-ақ Медеу ауданы әкімінің айтуынша, №48 мектеп ғимаратының тозуына байланысты 300 орындық қосымша ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру мерзімі – 2022 жыл.

Ә. Масабаев Алатау шағынауданында жергілікті тұрғындарға қажетті дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты. Жоспарда әмбебап зал қарастырылған, яғни бес жолағы бар жүзу бассейні, балалар бассейні, тренажер залы, теннис үстелдері бар. Аяқталу мерзімі - 2022 жылдың қаңтар айы. 

Аудан әкімі мектепке дейінгі білім беру ұйымдары туралы да тілге тиек етті. Медеу ауданында 18 балабақша, 63 жекеменшік балабақша мен 23 шағын орталық жұмыс істейді. Тәрбиешілердің жалпы саны - 7 833 бала (мемлекеттік – 3 146, жеке – 4 687).

"Биыл жеке инвесторлар есебінен жалпы жобалық қуаты 300 орындық алты балабақша ашылды. Тағы да №114, 116, 141 үш мемлекеттік балабақшада қолданыстағы ғимаратқа жапсаржай және қосымша құрылыс есебінен әрбір балабақшада жобалық қуаттылықты 50 орынға ұлғайта отырып, күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. №141 балабақша қыркүйек айында ашылады. N114 пен N116 балабақшалардың құрылысын аяқтау мерзімі биылғы жылдың желтоқсан айына жоспарланған", – деді  Әсет Масабаев.

Аудан әкімі БАҚ өкілдерін ауданның денсаулық сақтау жүйесі туралы хабардар етті. Бүгінде "Шетсіз қала – шекарасыз медицина" жобасы аясында Думан, Сұлусай, Кеңсай, Көлсай және Каменское плато шағынаудандарында бес дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Ауданда барлығы 37 денсаулық сақтау нысаны бар.

"Кеңсай шағынауданында жаңа дәрігерлік амбулатория ашу жұмыстары жүргізілуде. Шоқай көшесіндегі жалпы ауданы 166,8 ш.м орынды қарастырдық. Сондай-ақ мұнда учаскелік полиция пунктін орналастыру жоспарлануда. Бұл жобаны іске асыру Кенсай елді мекенінің  ғана емес, Сұлусай шағынауданының тұрғындарын да қамтуға мүмкіндік береді. Аяқталу мерзімі жыл соңына дейін", – деп қорытындылады сөзін  Әсет Масабаев.