Мамандар Алматыдағы лифтілердің жағдайы қанағаттанарлық екенін айтты

Мамандар Алматыдағы лифтілердің жағдайы қанағаттанарлық екенін айтты
Сурет: Liftobzor.ru

Алматыда 6 мыңға жуық лифт бар.

Қазақстан Лифтшілер ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаев Алматыдағы жеделсатылардың техникалық жағдайына баға беріп, бұл жабдықты қаншалықты жиі тексеріп тұру керектігін айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.  

«Бүгінде Алматыда 6 мыңға жуық лифт бар. Олардың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалауға болады. 2019 жылдың басында қалада жаңғыртуды қажет ететін 1000-ға жуық лифт болған. Бүгінде бұл сан 300 лифтіге дейін қысқарды. Оларды 2022 жылдың соңына дейін ауыстыру жоспарда бар. Бірақ бұл тұрақты процесс, өйткені әр лифтінің өз қызмет ету мерзімі бар», - деді Ержан Игібаев.

Оның айтуынша, нарықта Қазақстанда қолданылатын жоғары сапалы лифт брендтері өте көп.

«Бұл - Қытай мен Кореядан шыққан жеделсатылар. Сондай-ақ Ресей мен Беларусь лифтісінен кем түспейтін, қауіпсіздіктің бүкіл стандарттарына сай келетін қазақстандық лифтілер де бар», - деп қосты спикер.

Сондай-ақ, қауымдастық басшысы, заңға сәйкес, лифтіні жылына кемінде бір рет мамандандырылған ұйым тексеретінін атап өтті.

Бұл ретте қызмет көрсететін компания ай сайын лифт жабдықтарын тексеруден өткізуге міндетті.

Ержан Игібаев Қазақстанның ірі қалаларында, атап айтқанда, Алматы мен Нұр-Сұлтанда лифттерге қызмет көрсететін 60-тан 80-ге дейін кәсіпорын бар екенін, бірақ олардың бәрі бірдей сертификаттаудан өтпегенін атап өтті.

Айтуынша, аталған ұйымдарда СТ-РК 3305-2018 ұлттық стандартына сәйкестік сертификаты болуы керек.

Бұған дейін ол Алматыдағы «Mega Towers» тұрғын үй кешенінде 25-қабатқа дейін бар жылдамдықпен көтеріліп барып, үйдің төбесіне соғылған лифтінің тексерілгенін айтқан болатын.