Мәжілістегі мәселе: «Партиясыз» депутаттар басым түсті

Мәжілістегі мәселе: «Партиясыз» депутаттар басым түсті
almaty-akshamy.kz

Газеттің өткен №86 санында депутаттардың сауалдарына сараптама жасап едік. Соны ары қарай жалғастырамыз. Алдыңғы жолы сауалдардың кімге жолданғанына және оларда қандай мәселелер көтерілгеніне тоқталғанбыз. Енді Мәжілістегі саяси партиялар фракциялары мен фракцияға кірмеген партиясыздардың сауалдарын талдайық.

VIII шақырылым депутаттары бірінші сессияда 253 сауал жолдаған. Бәріне саясаттану бойынша талдау жасадық. Сауалды кім жолдаған деген сұраққа жауап іздедік. Сөйтсек, өзін-өзі ұсынған депутаттар саяси партиялардың алдын орап кетіпті. Әсіресе, саяси белсенділіктің жарқын үлгісін Бақытжан Базарбек, Ермұрат Бапи мен Абзал Құспан сияқты депутаттар көрсеткен.

Мәжілісте 6 саяси партия фракциядан құралып, депутат­тардың жалпы саны 98-ді құрайды. Оларға Аmanat, «Ауыл» ХДП, Respublica, «Ақ жол» ХДП, «Қазақстан Халық партия­сы» және оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократия­лық партиясы жатады. Аmanat – билеуші партия. Мәжілістегі басым орынды осы партияның депутаттары иеленген. Жалпы 62 орын. 40 депутат партия тізімімен, ал 22-сі өзін-өзі ұсыну арқылы аймақтардағы сайлау округтарынан сайланған. Олар­дың бәрі де Мәжілістегі бір фракцияның шаңырағының ас­тында топтасқан.

«Ауыл» партиясының атынан 8 депутат сайланған. Respublica мен «Ақ жол» партияларының әрқайсысы 6 орын­ды иеленіп отыр. «Қазақстан Халық партиясынан» 6 депутат Парламенттің төменгі палатасында. Ал ЖСДП 4 депутатты ұсынған.

Ешқандай саяси фракцияға кірмейтін 7 депутатымыз бар. Оларға Бақытжан Базарбек, Ардақ Назаров, Ермұрат Бапи, Абзал Құспан, Дәулет Мұқаев, Ерлан Стамбеков, Данияр Қасқарауов жатады. Биыл ұзақ жылғы үзілістен кейін мажо­ритарлы жүйе арқылы сайлау өтті. Бірақ әлі де бұл жүйеге толық өтпедік. Депутаттардың 70%-ы партия тізімімен, ал 30%-ы өзін-өзі ұсыну арқылы сайланды. Осылайша Парла­мент Мәжілісі аралас сайлау жүйесі арқылы құрылды.

Депутаттар қоғамдағы өзекті мәселелерге Үкіметтен және өзге де мемлекеттік мекемелердан жауап талап етуге құқылы. Оны депутаттық сауал арқылы жүзеге асырады. Олар сауалды жеке өзі, не бірлесіп жолдай алады. Мұнда депутаттарға жол көп. Бір партияластар, не түрлі партиялар бірлесіп сауал қоюға болады.

253 сауалдың бәрін сараптай келе, оларды бір партия­ның, не жалғыз депутаттың немесе партиялардың бірлесіп жазғанына көзіміз жетті. Бір қызығы, депутаттар бірлесе сауал жолдағанды жөн көреді екен. Депутаттық сауалдарды жолдаудан «Қазақстан Халық партиясының» мүшесі Ирина Смирнова ешкімге дес бермей келеді. Ол бірінші сессияда 67 сауал жолдаған. Алайда, оның тек 6-ауын ғана өзінің бастамасымен жазған. Бұдан шығатын қорытынды, халық қалаулыларының жұмысын жеке бастамасымен жолдаған сауалдарына қарап бағалаған жөн. Егер бұлай қарайтын болсақ, жағдай мүлдем басқа болады. Мысалы, Бақытжан Базарбекте 12 сауал болса, оның тең жартысын өзінің баста­масымен жолдаған. Оның бастамашылдық көрсеткіші – 50%. Одан кейін Ермұрат Бапи – 42%. Үштікті Абзал Құспан аяқтаған. «Ақ жол» партиясының мүшесі Ержан Бейсенбаев көп сауал жолдағанымен, «аманаттық» Еділ Жаңбыршиннан қалып қойды.

 

Аты-жөні

Жал­пы саны

Өз бастама­сымен жазғаны

Бастама­мен жазған сауалдың үлесі (%)

1.

Бақытжан Базарбек (фракция мүшесі емес)

12

6

50%

2.

Ермұрат Бапи (фракция мүшесі емес)

12

5

42%

 

3.

Абзал Құспан (фракция мүшесі емес)

17

6

35%

4.

Еділ Жаңбыршин (Amanat)

16

5

32%

5.

Ержан Бейсенбаев («Ақ жол»)

36

10

28%

6.

Магеррам

Магеррамов (ҚХП)

28

7

25%

 

Партиялардың ішінен депутаттардың бастамашылдығы бойынша Amanat алдыңғы орында (23%), одан кейін ЖСДП. Үштікті Respublica аяқтап отыр.

Партиялар

Жалпы саны

Өз бастама­сымен жазғаны

Бастамамен жазған сауалдың үлесі (%)

Amanat

528

118

23%

ЖСДП

100

18

18%

Respublica

125

18

15%

Ақ жол

184

23

13%

ҚХП

228

26

12%

Партиясыздар

92

27

29,30%

Мүлдем сауал жолдамағандар да бар... Депутаттық сауал­ды 98 депутаттың бәрі жолдаған. Алайда, өз бастамасымен жазбағандары бар. Бұл жағынан Amanat партиясы көш бастап отыр. Олардың 9 депутаты өзі бастап сауал жолдамаған. «Ақ жол» партиясынан бір депутат өз бастамасымен жазбаған. Әйтсе де, Дания Еспаева 32 депутаттық сауалға атсалысқан.


1Almaty-akshamу" №88, 25 шілде, 2023 жыл