Күнбағыс майының бағасы бір жылда 26 пайызға өсті

Күнбағыс майының бағасы бір жылда 26 пайызға өсті
Сурет: Agroinvestor.ru

Қазақстанның үш өңіріндегі қымбатшылық 30%-дан асқан.

Бұл салада бағаның айрықша қымбаттауы екінші жыл қатарынан байқалып отыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Еnergyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

Бір литр күнбағыс майын қазақстандықтар орташа есеппен 769 теңгеге сатып алуға мәжбүр.  Биылғы жылдың қаңтар айында бағаның жылдық өсімі 25,7%-ды құрады.

Салыстыру үшін: осы кезеңде Қазақстанда азық-түлік бағасы 9,9%-ға қымбаттап, жалпы алғанда жылдық инфляция 8,5%-ды құрады. 2021 жылдың қаңтарында бұл саладағы бағаның жылдық өсімі бұдан да жоғары — 38,6% болған.

Еліміздің ірі қалалары мен мегаполистерінің арасында ең қымбат күнбағыс майы Атырауда (биылғы жылдың қаңтарында литрі 836 теңге болған), Нұр-Сұлтанда (литріне 817 теңге) және Ақтауда (литріне 814 теңге), ең арзан баға – Семейде (литріне 696 теңге) болған.

Аталмыш саладағы бағаның ең қатты жоғарылауы Батыс Қазақстан (жылына +35,6%), Жамбыл (+34,9%) және Ақмола (+31,4%) облыстарында байқалған. Күнбағыс майы бағасының ең аз өсімі Шығыс Қазақстан облысында байқалды – жылына «бар болғаны» 18%-ға қымбаттаған.

2021 жылдың 12 айында тазартылған күнбағыс майының өндірісі 147,6 мың тоннаны құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 9,2%-ға артық. Өндірілген өнімнің 95,2%-ы үш негізгі өңірдің үлесіне тиді: Шымкент (61,5 мың тонна), Шығыс Қазақстан облысы (57,2 мың тонна) және Алматы (21,8 мың тонна).

Тазартылмаған май өндіру, керісінше, өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 183,6 мың тоннаға дейін (жылына 2,4%-ға) азайды. Мұндағы өнімнің 77 пайыздан астамын бір ғана Шығыс Қазақстан облысының май өндірушілері (142 мың тонна) қамтамасыз етті.

2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, отандық өндірушілер күнбағыс майы нарығын 78,8%-ға қамтамасыз етті.

Өндірістің өсуі аясында импорт өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,2%-ға азайды. Қазақстаннан сыртқа шығарылатын май көлемі бір жылда 19 пайызға дерлік қысқарды.

Ішкі нарықтағы сату көлемі 8,3%-ға өсті.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қаңтарда республикадан 16 мың тонна күнбағыс майын экспорттауға квота бөлді. Квоталарды 47 кәсіпорын алды.

Экспорттың ең үлкен мөлшері – 920 тонна «Shymkent Optima Logistic» ЖШС және «Uly dala export» ЖШС-не, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы («Qazaq Astyq Group» ЖШС және «Sei-Nar Production Complex» ЖШС) және Қостанай облысындағы («Ортамакс» ЖК) компанияларына тиесілі болды.

Сондай-ақ министрлік ақпан айында күнбағыс майының экспорттық квотасына өтінім қабылдау басталғанын хабарлады. Квота көлемі 16 мың тоннаны құрайды.