Қостанай облысында болған орман өрті табиғи емес

Қостанай облысында болған орман өрті табиғи емес
Сурет: Azattyq-ruhy.kz

Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қостанай облысындағы соңғы өрт туралы айтар болсам, бастапқыда жалпы ауданы 43,8 мың гектар дегенбіз. Бірақ есептеген кезде су ныснадары мен ауыл шаруашылығы жерлері алып тастағанда шамамен 40 мың гектар болды. 35 мың гектарға жуық орман алқабы өрттен зардап шекті», - деді Серікқали Брекешев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, екі комиссия осы өрттен болған залалды есептеу жұмысын жүргізген.

«Бүгінгі таңда алдын ала деректер бар. Өрттен келген тікелей залал шамамен 4 млрд теңгені құрады. Өрттің себебіне келер болсақ, қазір бізбен жұмыс істеген комиссия және ведомствоаралық комиссия әзірше табиғи өрт емес деген нұсқаға сүйеніп отыр. Комиссия мұны қылмыстық іс аясында тергеуде. Меніңше, жақын арада өрттің нақты себебі анықталады», - деді ол.

Еске салсақ, бұған дейін Т өтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанайдағы өрт қасақана адам қолынан болды деген нұсқаны жоққа шығармайтыны туралы айтты. Сонымен қатар Қостанай облысындағы орман өрттеріне байланысты «Басаман орман шаруашылығы мекемесінің» басшысы қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалды.