Көрнекті тұлғаларға көрсетілген құрмет

Көрнекті тұлғаларға көрсетілген құрмет

Алматыда Шамғон Сағаддинұлы Қажығалиевтің және Тілес Шамғонұлы Қажығалиевтің құрметіне мемориалдық тақта ашылды.

Алматыда кәсіби дирижер, көрнекті қайраткер, КСРО Халық артисі, ХХ ғасырдағы қазақ музыкасының қайталанбас біртуар алып тұлғаларының бірі Шамғон Сағаддинұлы Қажығалиевтің және композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Тілес Шамғонұлы Қажығалиевтің құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Мемориалдық тақта Медеу ауданы, Қарасай батыр және Пушкин көшелерінің қиылысындағы көрнекті тұлғалар тұрған үйде орнатылды.

Салтанатты рәсімге Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Арман Халбеков, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры Медет Қуанышев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Жексембекұлы Еркімбеков және өзге де зиялылар, сондай-ақ қазақ қайраткерлерінің туған-туыстары қатысты.

 - Бүгін біз КСРО халық артисі, ХХ ғасырдағы қазақ музыкасының қайталанбас біртуар алып тұлғаларының бірі Шамғон Сағаддинұлы Қажығалиев және композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Тілес Шамғонұлы Қажығалиевтің тұрған үйіне мемориалдық тақта қою салтанатында бас қосып тұрмыз. Тілес Қажығалиев – қазіргі заманның дарынды композиторы. ХХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанның шығармашылық зиялылардың көрнекті өкілі. Дана халқымыз "Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған" деп бекер айтпаса керек. Өнер әлемінің қос тарланының өнегелі өмірі, жарқын бейнесі, ғибраты мол еңбектері халқымыздың жадында мәңгі сақталады, – деді Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Арман Халбеков.

Сондай-ақ, бүгін мемориалдық тақта ашылу рәсімінен кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ғимаратында дирижер, профессор, КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Отан», «Парасат» ордендерінің иегері Шамғон Сағаддинұлы Қажығалиевтің 95 жылдығына арналған «Серпін атты кеші өтеді.

Айта кеткен жөн, Шамғон Сағаддинұлы Қажығалиев - көрнекті қайраткер, кәсіби-маман, дирижер. КСРО халық артисі, «Отан», «Парасат» ордендерінің иегері. ХХ ғасырдағы қазақ музыкасының қайталанбас біртуар алып тұлғаларының бірі.

Ш.Қажығалиев 1944 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясына оқуға түсіп, 1947-1950 жылдары профессор И.А.Лесманнан скрипка, Қ.Жантілеуовтен домбыра, Л.М. Шаргородскийден дирижер мамандығы бойынша дәріс алады. Кейін Э.Грикуровтан оқып, білімін толықтырады. Еңбек жолын 1946 жылы академик А.Жұбановтың ассистенті болып бастайды. Табиғат сыйлаған ғажайып таланты, зор еңбектері оны әлемдік деңгейге көтеріп, зор еңбектері атақ-даңққа бөледі.

1966 жылы Ленинград консерваториясын Опера және симфониялық дирижерлау мамандығы бойынша тәмәмдап, 1968-1971 жылдары аралығында КазССР Мемлекеттік Симфония оркестрін басқарған. 1982 жылы өнердегі толағай табыстары үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағы берілген. 1967-1988 жылдары қазақ оркестрлеріне кәсіби маман дирижерларды оқытып даярлау мақсатымен Алматы мемлекеттік консерваториясында кафедра ашып меңгеруші қызметін атқарған.  1952-1991 жылдар аралығында Құрманғазы оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, әрі директоры болып қызмет атқарған.  Ш.Қажығалиев еліміздің мәдени өміріндегі көптеген жаңалықтардың жаршысы болды. 1953 жылы Құрманғазы оркестрі Бухарестте өткен дүниежүзілік фестивальге қатысып қазақ өнеріне алғашқы «Алтын» жұлдызды әкелген.

1991-2005 жылдары Қарағанды облысы, Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің шақыртуымен Тәттімбет атындағы оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметін атқарған.

2005-2015 жж. Алматыға оралып, өмірінің соңына дейін өзінің сүйікті ұжымы - Құрманғазы оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарды.