Климаттың өзгеруі өзекті мәселеге айналды

Климаттың өзгеруі өзекті мәселеге айналды
Суретті түсірген - Қ.Қоныспаев

Еліміздің Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жасыл экономикаға өту жайлы айтты. Жолдауда болашақта бүкіл әлем жасыл экономикаға сөзсіз өтетіні туралы атап өтті. Оның басты себебі – климаттың өзгеруі. Ендеше, әлемдегі климат қалай өзгеріп жатыр, оған қатысты қандай шаралар жүзеге асуда және Қазақстанның орны қандай деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

 

 БҰҰ МҮДДЕЛІ

Қазір әлемде болып жатқан экология­лық белсенділік жайлы күнде естиміз. Оған етіміз де үйреніп қалды. Жер-жерден эко-белсенділер климат өзгерісі мәселесін көтеріп, наразылық акцияларын ұйымдас­тыруда. Шынында да, осындай мәселе қазір өзекті.

Грета Тунберг есімін көпшілігіміз есті­ген, не оқығанбыз. Ол Швециялық жас экологиялық белсенді. Оның есімі 2018 жылы әлемге белгілі болды. Жас белсенді Швецияның парламенті алдында климат­тың өзгерісіне қарсы әрекет етуді талап еткен.

Климаттың өзгерісіне қарсы БҰҰ деңгейінде де шаралар қолда­нылады. Арнайы комитет те бар. Ұйымның көлемінде саяси-құқық­тық негіз де қалыптасқан. Ең негізгі бастамалар 1990 жылдары қолға алынды. Одан кейін 2015 жылғы Париж келісімі бұл жұмыс­қа жаңа серпін берді. Келісімнің басты мақсаты – әлемдегі пар­никтік газдардың көлемін төменде­ту. Сол арқылы ғасырымыздың со­ңына дейін атмосфералық ауаның температурасын 2 градусқа дейін өсірмеу.

Ауаның ластануы жайлы зерт­теу орталықтары да дабыл қағуда. Мысалы, Швейцариялық IQAir компаниясының 2022 жылғы есебінде әлемнің тек 5% елінде ғана ауа таза. Оларға Аустралия, Эстония, Финляндия, Гренада және Исландия енеді. Соларда ғана ауа­дағы зиянды элемент PM2,5 мөл­шері аз. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының көрсетуінше оның көлемі жылына 5 мкр/м3-тан аспауы тиіс. Соған сәйкес әлемдегі ең лас елдер қатарына Чад (89,7 мкг/м3), Ирак (80,1 мкг/м3), Пәкіс­тан (70,9 мкг/м3) және Бангладеш (65,8 мкг/м3) кіреді. Ал әлемдегі ең лас қалалар қатарында Лахор (Пәкістан), Хотан (Қытай), Бхива­ди (Үндістан), Дели (Үндістан) және Пешавар (Пәкістан) бар.

НЕ КЕДЕРГІ?

Бүгінгі күні Париж келісіміне 194 мемлекет қол қойған. Алайда, әлем елдерінің с аяси жігері жеткіліксіз болғандықтан әлі күнге дейін айтарлықтай нәтиже болмай тұр. Оған түрлі факторлар әсер етеді. Екі дилемма бар. Бірі эконо­микалық, екіншісі экологиялық. Экологиялық бастамалар, яғни жа­сыл экономикаға өту көптеген ел­дер үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Оның үстіне әлемде гео­саяси, геоэкономикалық текетірес бар.

Мұның жарқын мысалы До­нальд Трамп президент болған тұстағы Америка Құрама Штатта­ры. Ол билікке келісімен Париж келісімінен АҚШ-ның шығатынын мәлімдеді. Мұндай мәлімдемені 2017 жылдың 1 маусымында жа­риялаған болатын. Себебі, келісім­нен шығу бастамасы оның сай­лауалды бағдарламасында бар-тұғын. Бұл арқылы сайлауда пайдалы қазбаларды өндіретін аме­рикалық компаниялар мен ондағы жұмысшылардың дауысын алуға тырысты. Осылайша 2020 жылы 4 қарашада олар келісімнен толық шықты. Алайда, Джо Байден билік­ке келісімен АҚШ қайтадан Париж келісіміне оралды. Осындай шешім де оның сайлауда жеңіске жетуіне себепкер болды. Себебі, Америкада да экологиялық белсенділік жоға­ры.

Тағы мысал ретінде Үндістан­ның экономикалық саясатын атап өтсек болады. Жоғарыда біз ең лас қалалардың ішінде Үндістанның екі қаласын атап өттік. Алайда, мәселе мұнымен шектелмейді. Әлемдегі 50 ең лас қаланың 39-ы Үндістанға тиесілі. Оған әлемнің өндірістік орталығы боламыз деген экономикалық саясаты себеп бо­лып отыр.

 

АТҚАРАР ІС КӨП

Қазақстан Париж келісіміне 2016 жылы қол қойды. Прези­денттің 20 шілдедегі Жарлығымен қол қойылған келісім 4 қарашада ратификацияланды. Бұл еліміз 2030 жылға қарай ауаға тарайтын зиянды СО-2 көлемін 328 млн тон­надан асырмау керек дегенді білді­реді.

EDGAR деп аталатын Еуропа­лық зерттеу мәліметі бойынша Қа­зақстан парниктік газдарды шыға­рудан ТОП-20 елдің құрамына енеді. Сарапшылар мұндай қоры­тындыға 1970–2018 жылдардағы мәліметтерді зерттеу арқылы кел­ген. 1990 жылы жылына 381,7 млн т СО-2 бөлінсе, 2020 жылы 351,2 млн т болған. Ең жоғары көрсеткіш 2018 жылы тіркеліп, 401,7 млн тон­наны құраған. Тәуелсіздік тари­хындағы ең төмен көрсеткіш 1999 жылы 235,9 млн тоннаны құрады.

Сарапшылар ауаның ластануы­ның бірнеше себептері бар дейді. Ең басты сала «Энергетика». 2020 жылы ластанудың 75% осы салаға тиесілі екен. Олар жағдайды реттеу үшін энергияны қолданудың тиімді, үнемшіл жолдарын іздесті­руді ұсынған. Бұл биылғы Жолдау­дағы экономикалық модельдің үнемшілдік өзегіне сәйкес келеді. Одан кейінгі орында «Өнеркәсіп» саласы. Сол жылы 22%-дан астамы осы салаға тиесілі болған. Бір қы­зығы, ауыл шаруашылығынан да ауа ластанады. Ғалымдар бұл сала­ны барынша ақылды басқару мен диверсификация жасауға кеңес берген.

Мұның бәрін жүзеге асыруға қауқарымыз жетеді. Әлемдік сарап­шылар да осылай дейді. Notre Dame-Global Adaptation индексі бойын ша 2019 жылы еліміз 40-орынды иеленген. Ал 2021 жылы 36-орынға көтерілдік. Бұл индекс елдердің климаттың өзге­руіне бейімделу деңгейін есеп­тейді.

Оның үстіне Париж келісіміне қол қойғандықтан, жауапкершілік те алдық. Ол міндеттерді жүзеге асыруға саяси-құтықтық негіз де бар. 2021 жылы жаңа «Экология­лық кодекс» қабылданды. Ауадағы көмірсутекті азайту бағытында 2060 жылға дейінгі стратегия да қабылданды.

«Аlmaty-akshamy» №108, 12 қыркүйек, 2023 жыл