Қыз алып қашу статистикасы жеке жүргізіледі

Қыз алып қашу статистикасы жеке жүргізіледі
Сурет: Ibigdan.livejournal.com

Ішкі істер министрлігі қалыңдық алып қашу бойынша тіркелген қылмыстық істердің статистикасын жеке жүргізеді.

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында министрдің орынбасары Игорь Лепеха осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  Kazinform cайтына сілтеме жасап.

«Бүгінгі таңда бізде «бас бостандығынан заңсыз айыру» деген бап бар. Біз қыз алып қашу деген көбіне екі жақтың келісімі бойынша жасалатын жоралғы екенін білеміз. Бірақ осындай әрекет үшні ашылған қылмыстық істер мен сотталған адамдар бар. Қыз алып қашу әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік жүктеу туралы ұсыныс бар екенін білемін. Мәжілісте ол бастама талқыланып жатса, қуана атсалысамыз. Өйткені өте өзекті мәселе. Халықаралық ұйымдардың баяндамаларының бәрінде осыны бетімізге басып жатады. Олар мұндай дәстүрді қабылдай алмайды және түсінбейді. Менталитетті ескеріп, бұл мәселе түзетуге болады деп ойлаймын. Өйткені салтты алға тартып, азаматтардың конституциялық құқығын бұзатындар бар», - деді Игроь Лепеха.

Сондай-ақ ол қыз алып қашу әрекеті бойынша тіркелген қылмыстық істердің жеке статистикасы жүргізілетінін атап өтті.

«Бас бостандығынан заңсыз айыру бабы бар дедік қой. Кез келген қылмыстық статистикаға енгізіледі. Оның әрқайсысы бойынша статистика жүргізіледі. Бізде Құқықтық статистика комитеті бар. Бап пайда болса, бірден статистикаға енгізіледі», - деді министрдің орынбасары.