«КИБЕР ТҰМАР» қорғай ма?

«КИБЕР ТҰМАР» қорғай ма?
Сурет: интернеттен

Елімізде «КИБЕР ТҰМАР» ақпараттық-білім беру науқаны басталды.

Жобаның мақсаты – балалардың цифрлық сауатын арттыру және киберкеңістіктегі қауіпті азайту, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz БҰҰ Қазақстандағы балалар қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«КИБЕР ТҰМАР» – Балалардың құқығын қорғау комитеті, ЮНИСЕФ Қазақстан және Еуропа Одағының қолдауымен іске асқан ақпараттық-білім беру науқаны. Оның аясында балалар киберкеңістіктегі түрлі қауіп-қатердің базалық алгоритмдері және сарапшылардың кеңесімен танысып, пайдалы бейнероликтерді көре алады.

Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың пікірінше, бүгінде интернет тек ақпарат құралы емес, сонымен бірге коммуникация құралы.

Сондықтан мұндай құралдың мүмкіндігін барынша пайдалы, саналы және адамға зияны тимейтіндей етіп қолдануды жасынан үйрету керек.

«КИБЕР ТҰМАР» – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ата-ана мен баланың онлайн ортада ақпаратты таңдауға, киберкеңістегі «иммунитетін» қалыптастыруға мүмкіндік беретін заманауи іс-шара», деді басшы.