Індет АҚШ-та өршіп барады

Індет АҚШ-та өршіп барады

Індет ешкімді аямауда.

Құрама Штаттарда "дельта" штамымен ауырғандардың саны күрт артты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 24.kz-сілтеме жасап.

АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мамандары вакциналаудың қарқыны төмендегенін айтып, халықты екпе алуға шақырды. Елдің кейбір штаттарында дельта штамымен ауырғандардың саны күрт өсіп келеді және ауруханаға түскендердің көрсеткіші 31 процентке артты.

Вакциналау қарқынының бәсеңдеуіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Соның бірі әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттың таралуы дейді сарапшылар. Дәлірек айтқанда, «Джонсон энд Джонсон» вакцинасының «Guillain barre» атауымен белгілі неврологиялық синдромның асқынуына алып келеді» деген қауесет шындыққа жанаспайды» дейді сала мамандары. Айтуларынша, ковид вакцинасы ондай ауруды туғызады деген нақты дәлел жоқ. Президент Байденнің өзі осындай жалған ақпарат таратып жатқан әлеуметтік компанияларды сынға алды.

- Олар адамдардың өліміне себепкер болып жатыр. Вирус әсіресе  вакцина алмағандарға жұғып жатыр. Яғни қайғылы жағдайға солар кінәлі, деді АҚШ Президенті Джо Байден.

Бұған дейін, Ақ Үй басшысы шілденің басына дейін 70 процент американдықты вакциналауды діттеген еді. Қазір американдықтардың 48 проценттен астамы ғана немесе 160 млн адам толықтай вакциналанған. Сарапшылардың айтуынша, маска тағу  мен вакцина алуға деген немқұрайлық індетті жеңуге қиындық тудыруда. Осы уақытқа дейін АҚШ халқының 34 млн ковид індетін жұқтырып, 600 мыңы қайтыс болды.