Халқыңа ашық бол!

Халқыңа ашық бол!
Сурет: Adilet-gazeti.kz

Еліміздің министрлері енді ашықтығымен бағаланатын болды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ведомство басшылары енді халыққа ашықтығы бойынша бағаланатынын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Министрдің айтуынша, Үкіметтің 2022 жылғы 9 тамыздағы отырысында Премьер-Министр кеңестер аясында бірқатар тапсырма беріп, олар белгіленген мерзімде орындалған.

«Мысалы, жаңа индикатор әзірленіп, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтық дәрежесін бағалау әдістемесінің жобасына «Халықпен кездесу» енгізілді. Енді министрлердің халықпен кездесуі мен оның нәтижесін біздің департамент бағалайды. Сонымен қатар қаулы талаптарына сай Үкіметтің қаулысымен (2022 жылғы 31 желтоқсандағы № 1135) орталық атқарушы органдар басшыларының 2023 жылға арналған халықпен кездесулер кестесі бекітілгенін атап өтемін», - деді Дархан Қыдырәлі.

Бұл ретте министр бірқатар ұсыныс жасады:

Мәдениет үйлері мен Орталық коммуникациялар қызметінің сайттарында халықпен кездесулермен шектеліп қалмай, мемлекеттік органдарға азаматтардың өтініші аясында көрсетілген проблемалық аймақтарға бару.

Орталық атқарушы органдардың сайттарында ғана емес, сонымен қатар жергілікті жерлерде, әсіресе, өңірлік БАҚ-та және танымал қоғамдық және мессенджер топтарында министрлердің өңірлерге іссапарлары туралы хабарландырулардың жиі жариялануын қамтамасыз ету.

Қаулы талаптарына сай, министрлермен қатар вице-министрлер мен ведомство төрағаларының да өңірлерге іссапармен баруы міндеттеледі.

Дархан Қыдырәлінің айтуынша, бекітілген кесте министрлердің сапарын реттейді. Сондықтан мемлекеттік органдар вице-министрлер мен комитет төрағаларының отырыстарының ведомстволық жоспарын бекітіп, министрлердің отырысымен бірге әр отырыс туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне есеп беруі қажет.