Халықтың үштен бірі ғана өзінің қаржылық жағдайына көңілі толады

Халықтың үштен бірі ғана өзінің қаржылық жағдайына көңілі толады
Сурет: Уandex.kz

Мұндай мәліметті Ranking.kz порталы ұсынып отыр.

10 қазақстандықтың үшеуі ғана өзінің қаржылық жағдайына толық қанағаттанады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Жыл сайын наурыз айында өткізілетін халықтың өмір сапасын зерттеуге сәйкес, қаржылық жағдайына толықтай қанағаттанатын қазақстандықтардың үлесі екінші жыл қатарынан қысқарып келеді. Бір жыл бұрын мұндай респонденттердің үлесі 40,2 пайыз болса, биыл 32,1 пайызды құрап отыр. Дегенмен, қаржылық жағдайына жартылай қанағаттанатындардың үлесі жыл ішінде 56,3-тен 64 пайызға дейін өскен.

Ал қаржылық жағдайына қанағаттанбайтын респонденттер үлесі (0,6%) жыл ішінде өзгеріссіз қалып отыр. Сауалға жауап беруге қиналғандардың үлесі 3,3 пайызды құрайды. Отбасының экономикалық жағдайына толықтай қанағаттанатын респонденттер үлесі де жыл ішінде 44,1-ден 34,7 пайызға азайған. Жартылай қанағаттанатындар үлесі 52,8-ден 63 пайызға өскен.

Отбасының экономикалық жағдайына қанағаттанбайтын респонденттер үлесі жыл ішінде 1,1-ден 0,5 пайызға төмендесе, респонденттердің 1,8 пайызы сауалға жауап беруге қиналған.

Тұрғылықты жерді алып қарағанда, қалалықтарға (30,6%) қарағанда ауыл тұрғындары (34,8%) қаржылық жағдайына толық қанағаттанады. Қаржылық жағдайына қанағаттанбайтындардың арасында да ауыл тұрғындарына (0,4%) қарағанда қалалықтар (0,7%) басым. Сонымен қатар әйелдерге (29,5%) қарағанда қаржылық жағдайына толық қанағаттанатын ерлердің (35,9%) үлесі көп. Бір қызығы қаржылық жағдайына қанағаттанбайтын ерлер мен әйелдердің үлесі тең - 0,6 пайыз.