ҚазҰУ ғалымдары жасыл экономиканы дамыту жобасын жүзеге асыруда

ҚазҰУ ғалымдары жасыл экономиканы дамыту жобасын жүзеге асыруда
Сурет: Gov.kz

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебінің Қаржы және есеп кафедрасы ҚР ҒЖБМ гранттық қаржыландыру шеңберінде «Қазақстанның жасыл экономиканы дамыту жағдайында ESG қаржы құралдарын трансформациялау» жобасын іске асыруда.

Жоба қаржы жүйесінде жаңа ESG (environmental, social and governance) бағытын дамыту мақсатында «жасыл» қаржы құралдарын зерттеуге арналған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Жоба ЭБЖМ Қаржы және есеп кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ажар Нұрмағамбетованың жетекшілігімен жүзеге асырылуда. Ғалымдар тобында экономика ғылымының кандидаты, Қаржы және есеп кафедрасының доценті м.а. Әлия Нұрғалиева және докторант Қарлығаш Құрбанова сияқты білікті мамандар бар.

«Зерттеу аясында маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Жұмыс барысында «жасыл экономика», «жасыл қаржы», «ESG құралдары» және «ESG-тәуекелдер» ұғымдарының нақтыланған түсіндірмесі әзірленді. Сондай-ақ «жасыл банкинг» тәжірибесі мен банктердің табыстылығы және «жасыл банкингтің» артықшылығын белгілеу мақсатында бірнеше сызықтық регрессияның жетілдірілген моделін құру арасында өзара байланыс орнатылды. Қазақстанның жасыл экономикаға көшу міндеттерін іске асыру кезінде делдалдар санын барынша азайтуға мүмкіндік беретін ESG қаржы құралдарын цифрландыруға бағытталған отандық және шетелдік тәжірибе жинақталды», – деп атап өтті жоба жетекшісі.

Жобаға қатысушылардың ғылыми мақалалары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті ұсынған беделді, соның ішінде халықаралық журналдарда жарияланды.

Ынтымақтастық аясында жоба мүшелері «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Жасыл қаржы орталығымен бірлесіп жұмыс істеді. Зерттеу тобы Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ – 7, 8, 13, 17) қол жеткізу үшін қаржыландыру құралдары мен тетіктерін қарастыра отырып, «Орталық Азиядағы тұрақты қаржы нарығы» тақырыбында баяндама дайындады.

Зерттеу нәтижелерін қаржы ұйымдары, екінші деңгейлі банктер жасыл құралдардың тиімділігін бағалау кезінде және АХҚО Жасыл қаржы орталығы пайдалана алады. Орталық Азиядағы тұрақты қаржы нарықтары туралы екі бірлескен тақырыптық баяндаманы шығару жоспарлануда.