Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болғанына – 30 жыл

Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болғанына – 30 жыл
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Алматыда осыған орайластырылған кездесу өтті

Шараны Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты БҰҰ-ның Қазақстандағы Ақпараттық орталығының қолдауымен қала студенттері мен жастары үшін ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жиынға қатысушылар алдында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстан Республикасындағы өкілі Властимил Самек сөз сөйледі. Қызықты және нәтижелі әңгіме барысында халықаралық ұйымның тарихы, қызметінің негізгі бағыттары, жаһандық күн тәртібіндегі Қазақстанмен өзара іс-қимыл, сондай-ақ тұрақты дамуда университеттердің ғылыми-білім беру рөлі туралы мәселелер қарастырылды.

Шараны ұйымдастырушылар мерейтой жылында Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты академиялық қоғамдастық үшін БҰҰ қызметінің әртүрлі бағыттары бойынша бірқатар кездесулер өткізу жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Мерейтой жылы Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты академиялық қоғамдастық үшін БҰҰ қызметінің әртүрлі бағыттары бойынша бірқатар кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, жақын арада Алматыда «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы» халықаралық студенттік ойыны өтеді, оған қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері қатысады», - деді Институт директоры Айжан Смаилова.

Сондай-ақ кездесуде Қазақстанның бүкіл тәуелсіздік кезеңінде БҰҰ жүйесімен жемісті өзара іс-қимыл жасап, Ұйым Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына толық адалдығын көрсетіп келе жатқаны айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «30 жыл бұрын Қазақстан БҰҰ-ның толыққанды мүшесі болды. Біз Ұйыммен жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өркениетті қоғам құру мәселесіне байланысты ынтымақтастық орнаттық. Геосаяси ахуал ушыға түскен қазіргі кезде осы ұйымның әлеуеті мен рөлін арттыра түсу керек». 

Еске сала кетейік, 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 46-сессиясының қорытындысы бойынша 46/224 қарарымен Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның мүшелігіне бірауыздан қабылданған болатын.