Қазақстанның автожолшылар қауымдастығы Ұлттық бағдарлама әзірлеуді ұсынды

Қазақстанның автожолшылар қауымдастығы Ұлттық бағдарлама әзірлеуді ұсынды
Сурет: Inform.kz

Бағдарлама шеңберінде мердігер жобаны өзі жасап, жүзеге асырып, кейін сол жолды өзі қадағалағаны жөн.

Қазақстанның автожолшылар қауымдастығының өкілі арнайы Ұлттық бағдарлама әзірлеуді ұсынды, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz.

«Қазақстанның автожолшылар қауымдастығы 2023-2040 жылдарға арнайы Ұлттық бағдарлама әзірлеу қажет деп санайды», - делінген ҚР ИИДМ ресми сайтында жарияланған хабарда.

Ақпарға сәйкес, аталған бағдарлама шеңберінде мердігер жобаны өзі жасап, жүзеге асырып, кейін сол жолды өзі қадағалағаны жөн.

Сондай-ақ, хабарда атап өтілгендей, автожол жобаларына бюджеттен қаражаттың бөлінуі ұзақ уақытты талап етеді. Сәйкесінше, жобалық-сметалық құжаттамадағы көрсетілген материал мен жұмыс құны шарықтай түсіп, құрылыс маусымына дейін ұсынылған бағалар күрт өзгереді.

Мәселен, жобалық-сметалық құжаттама әзірлегенде битумның бағасы 80 мың теңге деп көрсетілсе, құрылыс маусымында ол 180-200 мың теңгеге дейін шарықтап кетеді.

Жолдағы құрылыс жұмыстары мамыр айынан өз бастауын алып, қыркүйек айына дейін жалғасатыны белгілі. Осы ретте қаражатты тек жаз айларына ғана емес, екі-үш маусымға созылатын жобаның ақшасын бірден берсе, тиімді болатын еді.

Бұл ретте, жол құрылысшылары тендерлік өтінімде банктік кепілдікті алуда тапсырыс беруші тарапынан бюрократиялық рәсімдердің және біліктілік талаптарының көптігіне тоқталды.