Қазақстандықтар отандық фильмдерге көбірек бара бастады

Қазақстандықтар отандық фильмдерге көбірек бара бастады
Сурет: Ашық дереккөз

Қазақстанда 67 кинематография ұйымы бар

Өткен жылы кинотеатрға барушылар саны 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе өскен, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

2022 жылы киносеанстарға барушылар саны 17 млн асты, бір жыл ішінде көрсеткіш екі еседен астам өсті (2021 ж – 6,6 млн). Қазақстандықтар Ұлттық фильмдер сеанстарына көбірек бара бастады. 2021 жылы отандық фильмдердің көрсетілімдерін 931 мың адам көрді, бұл – киноға барғандардың жалпы санының 12,1%-ы болса, 2022 жылы ұлттық киноға барушылар үлесі – 53,6%.

Отандық кино сеанстарының саны 2021 жылғы 66 мыңнан 2022 жылы 296 мыңға дейін өсті.

Толықметражды фильмдерге барғандардың басым бөлігі АҚШ-та жасалған фильмдерді көрген – 7 млн, одан кейін қазақстандық (4,7 млн), ресейлік (486,1 мың), британдық (176,1 мың) және австралиялық (46,5 мың) фильмдер тұр.

Осы орайда, киносеанстарды өткізетін ұйымдардың кірісі де өсті – 2021 жылғы 13,5 млрд теңгеден 2022 жылы 26,8 млрд теңгеге дейін.

Айта кетсек, 2022 жылы Қазақстанда 105 кинотеатр жұмыс істеді, оның 4-еуі ауылдық жерде орналасқан.

Сонымен қатар, Қазақстанда 67 кинематография ұйымы бар, олар өткен жылы 331 фильм түсірді, оның ішінде толықметражды фильм – 49 (2021 жылы – 340 фильм, оның ішінде толықметраждысы – 31).

Еске салсақ, жуырда Үкімет басшысы Мәдениет және спорт министрлігіне кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесін көбейтуді тапсырған болатын.