Қазақстандық зілтемірші әлем рекордын жаңартты

Қазақстандық зілтемірші әлем рекордын жаңартты
Сурет: Prosports.kz

Ол 172 келіні басынан асырды.

Қазақстандық Едіге Емберді дүниежүзілік додада ең жоғары нәтижені тіркеді, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz. 

Жасөспірімдер арасындағы бәсеке Мексикада өтіп жатыр. Отандасымыз 73 келіде бақ сынады. Ел намысын қорғаған Едіге жұлқа көтеруде 134 келіні бағындырып, жалпы есепте топ бастады. Ал серпе көтеруде 172 келіні басынан асырды. Бұл әлемдік рекорд саналады.

Осылайша қоссайыс қорытындысы бойынша 17 жастағы жерлесіміз 306 келіні көтеріп, бірінші орынға ие болды. Одан кейін Өзбекстан спортшысы Диорбек Эрматов жайғасты. Үздік үштікті канадалық Брайан Ибаньес Герреро түйіндеді.

Айта кетсек, Едіге ұлттық құрама қоржынына екінші алтынды әкелді. Бұған дейін орта салмақтағы Ерасыл Сәулебеков қарсыласқа шақ келтірмеп еді. Ал ұлттық құраманың өзге өкілдері Ерасыл Омаров пен Александра Беленко қола жүлдегер атанды. Әлем чемпионаты 19 маусымға дейін жалғасады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от IWF (@iwfnet)