Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас алғаш рет әлем чемпионы титулын қорғамақ

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас алғаш рет әлем чемпионы титулын қорғамақ
Сурет: Inform.kz

 Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«25 тамызда Ыстанбұлда алғаш рет әлем чемпионы атағын қорғаймын. Қазір мен кәсіпқой бокстан Қазақстандағы жалғыз әлем чемпионымын және әйелдер арасындағы Қазақстанның кәсіпқой бокс тарихында әлем чемпионы атағын қорғайын деп жатқан жалғыз адаммын.

Сондай-ақ менде ғана үш титул бар: UBO әлем чемпионы, WBC International, UBO International. Бұл менің, ұжымым мен халқымның ортақ еңбегі деп ойлаймын. Қазақстандық бокс – әлемдегі ең үздік бокс. Халықаралық аренада сүйікті Отанымның Туын желбіреткенімді мақтан тұтамын.

Мен Стумая Мукаға қарсы жекпе-жекке бар салмақпен қараймын, ол WBC, WBF, UBO, PST, ABU, WBC AFRICA титулдары үшін күресті, оның бокстағы рекорды 7-3-0.

Жеңіске бел буып, өзіміздің қазақ боксын көрсеткім келеді. Кездесу 10 раундқа жоспарланған, менде жақсы оқу-жаттығу жиыны, сапалы дайындық бар. Бұл кәсіпқойдағы 5-ші жекпе-жегім және титул үшін 4-ші жекпе-жегім болады!

Мен тарихта қалуға және абсолютті әлем чемпионы болуға тырысамын! Алға Қазақстан!», - деп жазды Ангелина Лукас Instagram-парақшасында.

Еске салайық, спортшы осы жылдың мамырында мексикалық Ана Арасоладан WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы титулын жеңіп алды.