Қазақстандық ғалым лейшмания ауруына қарсы фитопрепарат жасап шығарды

Қазақстандық ғалым лейшмания ауруына қарсы фитопрепарат жасап шығарды
Сурет: Egemen.kz

Ғылымдағы жетістік.

Маңғыстау өңірінде 150-ге жуық ғалым бар. Бәрінің де жеткен жетістігі бір төбе. Соның бірі - аймақ үшін таңсық, әлі дамымай тұрған ғылыммен айналысатын жас ғалым Мәншүк Ибраева, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Egemen.kz-ке сілтеме жасап. 

Мәншүк Ибраева – Yessenov University Ғылым және технологиялар факультеті Жаратылыстану ғылымдары кафедрасының профессоры, PhD докторы, ғылым жолында тәжірибесін жетілдірген маман. Оның ғылыми бағыты – табиғи қосындылардың химиясы немесе фитохимиялық зерттеулер. Бағыты бойынша өсімдіктердің құрамынан дәрілік заттарды алады. Осы уақытқа дейінгі жетістігінің бірі - 2015 жылы Қытайға барып, артемизия өсімдігінің құрамын зерттеп, бактерияға қарсы өнім шығарған.
 
Ал 2016 жылы Пәкістандағы Карачи университетінде вербаскум өсімдігіне зерттеу жүргізген. Құрамынан бұрын әлемде болмаған жаңа екі зат алынды. Сол заттардан фитопрепарат дайындаған. Ол лейшмания ауруына қарсы күшті белсенділік көрсетті. Нәтижелерінің барлығы патенттелген болатын. Осылайша SCOPUS базасына материалдар шыққан еді.
 
2022 жылдан бастап «Жас ғалым» жобасы қолға алынды. Жоба бойынша жыл сайын 1000 грант бөлінеді. Биыл бұл жоба жалғасуда. Ақтаулық ғалым Мәншүк Ибраеваның айтуынша, қазір «Жас ғалым» жобасына қатысып, нәтижесін күтуде. Қазіргі таңда Мәншүк Ибраева Маңғыстау өсімдіктерінің құрамын зерттеу үшін тәжірибелік-ботаникалық бағымен бірлесе жұмыс істеуге ниетті. Ғалымның сөзінше, Маңғыстау - аридті зона, өсімдіктері ащы, бактерияларды өлтіруге және адам ағзасына пайдалы. Сондықтан алдағы жоспары бойынша жергілікті жерде өсетін өсімдіктердің құрамына зерттеу жүргізіп, жаңа нәтиже шығармақ.
 
Айта кетейік, елде 2022 жылмен салыстырғанда ғалымдардың саны артуда, оның ішінде 40 жасқа дейінгі ғалымдардың үлесі 46%-ға жеткен.