Қазақстанда алғаш рет «Ұлы дала дәмі» ұлттық жобасы өткізілді

Қазақстанда алғаш рет «Ұлы дала дәмі» ұлттық жобасы өткізілді
Сурет: Қ.Қоныспаев

Бүгін, 14 наурыз Амал мерекесі келіп жетті. Бұл Ұлы даланың төл күнтізбесіндегі көктемнің алғашқы амалы, әрі Әз-Наурыз бен көктемнің хабаршысы. Осыған орай «Alatau-Aqparat» медиахолдингі «ҰЛЫ ДАЛА ДӘМІ» ұлттық жобасын ұйымдастырды. Амал мен Наурыз сынды төл мерекелерге жаңа мазмұн беретін мұндай жоба елімізде алғаш рет өткізіліп отыр.

Жаңару мен жаңғырудың символы болған Наурыз сынды төл мерекемізді мазмұнын байыта отырып жаңаша атап өту туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша атап өткен болатын. «Alatau-Aqparat» медиахолдингі ұйымдастырған жоба да ұлттық мерекенің мазмұнын байытып, жұрт асыға күтетін жалпыұлттық мерекеге айналдыруды көздейді.

Жоба бастамашысы - «Alatau-Aqparat» медиахолдингі. Оның бас директоры Ержан Қалымбайұлы: «Негізгі мақсатымыз  — Әз Наурызды әсіресе, балалар асыға күтетін басты мерекеге айналдыру. Ұлыстың ұлы күнін айрықша атап өтуде жаңа құндылықтар мен дәстүр қалыптастыруға өз үлесімізді қосқымыз келеді», – дейді.

«НАУРЫЗ ҚОРЖЫНЫ» – ІЗГІЛІК СӘЛЕМІ

«ҰЛЫ ДАЛА ДӘМІ» жобасы аясында арнайы дайындалған «Наурыз қоржындары» – «Сыбаға» және «Тарту» қоржындары болып бөлінеді. Мерекелік кәде ел ағасы ақсақалдарға, әз әжелерге, көпбалалы және ерекше баласы бар аналарға, сондай-ақ, балалар үйіне тарту етілді.

«Наурыз қоржыны» ұлттық нақышта безендіріліп, қазақы киіз үй пішінінде тігілген. Оларға  еліміздің әр өңірінен (шығыс, батыс, оңтүстік пен солтүстіктен) әкелінген жеті түрі ұлттық тағам салынған. Олардың қатарына  шұбат, қымыз, құрт, ірімшік, жент, бауырсақ пен талқан кіреді.

Ұйымдастырушылар әр өңір дәмдерін бір қоржынға салу арқылы елдік бірлік пен тұтастықтың символын жеткізгісі келген. Әрі, денсаулыққа пайдалы, дәруменге бай ұлттық тағамдарды, отандық өнімдерді нәсихаттауды көздеген.

Балаларға дайындалған «Тарту» қоржындарына жеті дәмнен бөлек, Алматының алмасы, Шығыстың балы, ұлттық кәдесыйлар мен ойыншықтар да бар. Сондай-ақ, сыйлықтар арасында руһани азық ретінде кітаптар да салынып, балаларды ғылым-білімге шақыруды мақсат еткен.

Үлкендерге берілген «Сыбаға» қоржынында жеті дәмнің сыртында жылы-жұмсақ сыбағасы ретінде қазы-қарта немесе жал-жая мен жамбас салынған. Сыбаға – халқымыздың татулық пен берекеге шақыратын дәстүрінің бірі. Үлкен кісілерге, сыйлы жақын адамдарына қыстың дәмінен сыбағасын ұсынып, көңіліндегі құрметін жеткізген. Осы дәстүрді жаңырта отырып, ұйымдастырушылар Асанәлі Әшімов, Асылы Осман, Төрегелді Шарманов пен Қарлығаш Әбдікәрімова сынды ел ағаларына, қоғам қайраткерлеріне сондай-ақ, қарапайым еңбек адамдарына да сәлем бере барды. «Сыбаға» қоржындарын ұсынып, иықтарына шапан жауып сый-құрметін білдірді.

ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ, КІШІГЕ ІЗЕТ

Амал күніне орай ата дәстүрмен сәлем бере келген ұйымдастырушыларға ел ағасы ақсақалдар мен үлкендер де разылығын білдіріп батасын берді. Қазақстан және Кеңес одағы Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов Наурыздың жыл басы әрі ең үлкен мереке ретінде мемлекеттік деңгейде аталып өту керек деген пікірімен бөлісті. Сөзінің соңында:

«Қыдыр дарып, бақ қонсын,

 Білімдерің көп болып,

халыққа берерлерің мол болсын!» - деп,  ақ батасын арнады.

Қазақ тағамтану академиясының академигі, Медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов жобаның ұлттық тағамдарды нәсихаттап жатқанына айрықша разылығын жеткізді. 

Қазақ тілінің жанашыры Асылы Осман ханым көнені жаңғыртқан, дәстүрді әспеттеген шаралардың көп болуын, ұзағынан жалғасуын үміт етті. «Дәстүрлі жаңаша жаңғыртуымыз керек, жандарым. Қазақ айтады ғой “Өткенге топырақ шашсаң, келешек саған тас лақтырады” деп,  ұрпақтарымызға ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрді осылай көрсетуіміз керек. Бұрынғыны бүгінге жаңғыртып жатқан қадамдарың құтты болсын! Осы игі іс ұзағынан сүйіндірсін!», – деген тілегін білдірді Асылы Алиқызы.

Наурыз қоржын берілгендер арасында қарапайым көше сыпырушы,  «Алтын алқа» иегері мен ерекше баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана да бар.

«ҚЫДЫР ДАРЫП, БАҚ ҚОНСЫН»

 «ҰЛЫ ДАЛА ДӘМІ» жобасының «Тарту» қоржыны Алматы облыстық № 1 балалар үйіндегі жас жеткіншектерге де үлестірілді.  Балаларға тартуды «Қыдыр ата» жеткізді. Ақ боз атқа мініп қолына аса таяғын алған,  қанжығасына «Наурыз қоржынын» бөктеріп, жанына тайға мінген немересі «Бақ-баланы» ертіп келген «Қыдыр ата» балаларға айрықша әсер қалдырды. Олар Қыдыр атаны өздерінің ән-күйімен, Наурыз бен көктемге арнаған өлең-жырларымен қарсы алды.

Ұйымдастырушылар «Қыдыр ата» мен оның немересі «Бақ-бала» образдарын халқымыздың «Қыдыр дарып, бақ қонсын» дейтін ізгі тілегін білдіретінін жеткізді. Ал, этнограф Болат Бопайұлының сөзінше, Наурызды жаңаша дәріптеуде балаларға ерекше көңіл бөлінуі керек. Қыдыр атаның немересімен жүруі ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық тәрбиенің мәнін көрсетеді. Қазақ ұғымында атасы ұл немерелерін, ал әжелер қыз немерелерін  тәрбиелеген. Сондықтан Қыдыр Ата мен Бақ-баланы Наурыздың балалар асыға күтетін басты кейіпкерлеріне айналдыру керек.

«БҰЛ ҚЫДЫР АТА, АЯЗ АТА ҚАЙТЫС БОЛЫП КЕТКЕН...»

Балалардың ақ сақалды «Қыдыр ата» және немересі «Бақ-баламен» кездесуі аса мәнді мерекелік көңіл-күйде өтті. Кішкентай бүлдіршіндердің таңғалысы мен қызу ынтасы бал тілдерінен және көздерінен шығып тұрды. Қайырымдылық іс-шарасының ортасында 4-5 жасар бүлдіршіндердің өзара диалогы ондағы қатысушыларға терең ой салғандай. Қыдыр атаны Аяз атамен шатастырып алған бір баланы жанындағы тағы бірі түзетіп жатыр: «Бұл Қыдыр ата, Аяз ата қайтыс болып кеткен...», – деп. Баланың сәби санасынан туған бұл сөз осы шараның өз мәнін түсіндіріп тұрғандай еді.

ӘР ӨҢІРДЕН ДЕМЕУШІЛЕР АТСАЛЫСТЫ

Алғаш рет ұйымдастырылған ұлттық жобаға еліміздің әр өңіріндегі ұлттық тағам өндірушілер, өзге де демеушілер жабыла ат салысты. Ұлыстың ұлы күніне орай ұлттық құндылықтар мен ұлттық тағамдарды, отандық өнімдерді нәсихаттап, қоғамға ізгілік пен татулықты дәріптейтін жобаға барлық демеуші тараптар аса жоғары қызығушылық білдірді.

«Наурыз қоржындарына» салынған жеті дәмнің сыртында Алматының алмасы, Алтайдың балы, Абай облысынан бауырсақ, Ақтөбеден жент пен тары-талқан,  Ақмола мен Ұлытаудың ақ өнімдері, Түркістаннан түрлі ірімшіктер мен нан өнімдері, сондай-ақ, Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында және Алматы облысында өндірілетін түрлі тағамдар болды.

Басты демеушілері ретінде «Asiakoz» түрік көз клиникасы, «Ерке-Нұр», «Әдемі-Ай» мен «Адал Ас» сынды танымал компаниялар ұлттық жобаға зор көмектерін көрсетті. Жоба барысында «Asiakoz» компаниясының басшысы Сәтжан Тоқтарбай Алматы облыстық № 1 балалар үйіндегі бүлдіршіндер мен жас жеткіншектерге тегін көз тексеру қызметін көрсетіп, ондағы көзі нашар көретін балаларға тегін ота жасауға келісім берді.

Еліміздегі ұлттық кәдесыйлар өндіруші танымал компания «Әдемі-Ай» Наурыз қоржындарына өзінің үздік өнімдерін қосқан. Ұлттық киімдердің беделді брендті «Ерке-Нұр» сән үйінің директоры Фарида Мерхамитқызы өзі де шараға қатысып, ақсақалдар мен қоғам қайраткерлеріне зерлі ұлттық шапандарын жапты. Балаларға «Тарту» қоржынына «Steppe&World Publishing» баспа үйі өздерінің «Шұғылалы ертегілер» атты кітаптар топтамасын ұсынды. Ал жобадағы «Қыдыр ата» мен «Бақ-балаға» «ат мінгізіп» алып жүруді  Қазақ мемлекеттік циркі өз мойнына алды.

Сондай-ақ, «Наурыз қоржындарын» еліміздің әр өңірінен «Sharman» «Asatu» компаниялары, «Айқан» ЖШС сынды кәсіпорындар, «Zhent_chocolate», «Aqtobe damderi», «Мёд Восточный» қатарлы сауда маркалары және «Астана-Өнім» АҚ секілді ұлттық тағамдарды, киімдер мен бұйымдарды шығаратын отандық өнім өндірушілер жабыла ат салысты. Қазақ тағамтану академиясы мен ұлттық тағамтанушы Саяхат Әсімхан да жобаға өз үлестерін қосты.

«ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ ДӘМІ»  ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

«ҰЛЫ ДАЛА ДӘМІ» ұлттық жобасы Наурыз мерекесіне жаңа мазмұн беріп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған. Ұйымдастырушылар ұлттық жобаны алдағы жылдары 14-наурыздан бастап айдың соңына дейін тұтас республика көлемінде өткізуді жоспарлап отыр. Ұлыстың ұлы күні, Әз-Наурыз сынды ортақ құндылықтар болашақта көшілес, бауырлас түркі елдеріне де кеңейіп, тұтас Тұранның ұйытқылы игілігіне айналса деген үміттері бар.