Қазақстан-Ресей: екі елдің шекаралас аймақтарында су тасқыны өршіп тұр...

Қазақстан-Ресей: екі елдің шекаралас аймақтарында су тасқыны өршіп тұр...
Сурет: Коллажды жасаған Нұрбосын Өрісұлы

Апат айтып келмейді. Бірақ оны болжап, себебін анықтап, салдарымен күресуге болады. Биылғы су тасқыны да сондай табиғи апаттың бірі. Апат тек бізге ғана емес, көрші Ресейге де жеңіл тиіп жатқан жоқ. Мәскеу су тасқынын қалай еңсеріп жатыр? Ресей мен Қазақстан апаттың салдарымен күресу әдіс-тәсілдері ұқсай ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап беріп көрейік.

Саяси-әкімшілік реттеу ерекшеліктері

Биыл су тасқынынан Қазақстан ғана емес, Ресей де зардап шегуде. Су – тілсіз жау. Десе де, онымен адам да, мемлекет те күресе алады. Мемлекеттің басты құралы саяси-әкімшілік ресурс. Бірақ мемлекеттердің күрес әдістері әртүрлі. Осы орайда, Астана мен Мәскеудің су тасқынымен күресу жолын салыстырып көрейік.

 Қазақстан мен Ресейдің су тасқынымен күресу әдіс-тәсілдерінде ерекшеліктер бар. Ең алдымен, саяси-әкімшілік реттеу әдісімен ерекшеленеді. Ұқсас тұсы – саяси жігер екі жақта да бар. Ресей Президенті Владимир Путин де, Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та апатты еңсеруге мүдделі екендерін білдірді. 30 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде Республикалық штаб құрылса, 8 сәуірде В.Путин Ресейде Үкіметтік комиссия құруға тапсырма берген. 9 сәуірде екі ел Президенттері телефон арқылы сөйлесіп, үкіметаралық байланыс та жолға қойылды.

Мемлекеттер су тасқынымен екі түрлі әкімшілік реттеу тәсілімен күресуде. Қазақстанда Премьер-министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылса, Ресейде Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың салдарын жою министрінің басшылығымен Үкіметтік комиссия жұмыс істеуде. Яғни бізде мәселе тікелей Үкімет басшысының бақылауында болса, көршіде министр басшылық етуде.

Кімдер жауапты?

Жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанда Республикалық штаб 30 наурызда, ал Ресейде Үкіметтік комиссия 8 сәуірде құрылды. Су тасқынының салдарымен күресте негізгі жауапкершілік жүктелген тұлғалар әртүрлі. Мысалы, Қазақстанда Премьер-министр Олжас Бектенов болса, Ресейде министр Александр Куренков дедік.

Елімізде Кабмин басшысы тікелей өзі басшылықты қолына алуына профильді орынбасары мен министрлердің жұмысты үйлестіре алмауы себеп болды. Сондықтан 30 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен шұғыл жиын өтті.

Екіншіден, Шыңғыс Әріновтің Төтенше жағдайлар министрлігіне келгеніне көп уақыт өтпеді. Ал су тасқынын еңсеру үшін тұтас үкіметтің ресурсы қажет. Үкіметтің жұмысын үйлестіру тек Премьер-министр, әлде оның орынбасарының құзыретінде. Бірінші орынбасар Роман Скляр жұмысты жолға қоя алмады. Сондықтан оның жауапкершілігінің бір бөлігін жаңадан тағайындалған Қанат Бозымбаевқа берді. Ол Үкіметтің облыстар мен республикалық маңызы бар қалалармен байланысына жауапкершілік алды. Роман Склярдың бұл бағыттағы жұмысы ақсаған сияқты. 

Республикалық штаб құрамына Премьер-министр, оның орынбасарлары, жауапты органдардың басшылары кірді. Ал Ресейдегі Үкіметтік комиссия құрамы өзгеше. Александр Куренковтан бөлек су тасқыны қаупі бар 8 аймақтың губернаторлары, табиғи ресурстар және экология министрі,  еңбек және әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі, Мемлекеттік қор бойынша Федеральды агенттіктің басшысы, қаржы вице-министрі және өзге де жауапты тұлғалар бар.

Апатты аймақтарға Самара, Брянск, Төмен, Орынбор, Челябі, Омбы, Қорған облыстары мен Алтай аймағы кіреді. Бұл аймақтар елімізбен шекарада орналасқан. Ал Қазақстанда СҚО, БҚО, Қостанай, Ақмола, ШҚО, Ақтөбе, Қарағанды өңірлері қауіпті аймақтарға қатарында аталды.  

Жұмыс тәсілдеріндегі ерекшеліктер

Көршілес елде Үкіметтік комиссияның жұмысына Ресейдің төтенше жағдайлар министрі тікелей жауапты болғанымен, Кабмин төрағасы Михаил Мишустиннің назарынан тыс қалмайды. 11 сәуірде үкімет басшысының төрағалығымен бір рет жиын өткен. Оған дейін В.Путин де жиналыс өткізген. Бізден ерекшелігі  –  Президент пен Үкімет басшысының қатысуымен жиындар аз өткен. Сонымен қатар, су тасқыны болып жатқан өңірлерге мемлекеттің бірінші басшысы барып жүрген жоқ. Аймақтарды Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлар және табиғи апаттардың салдарын жою министрі Александр Куренков өзі аралап жүр.

Қазақстанда Үкіметтің жұмыс тәсілдері өзгеше. Премьер-министр Олжас Бектенов пен орынбасарлары Роман Скляр, Қанат Бозымбаев, Серік Жұманғарин аймақтарға өздері барып, жағдайды бақылауда ұстауда. Президент 3 облыста жұмыс сапармен барып келді. Қасым-Жомарт Тоқаев 4 сәуірде БҚО, 16 сәуірде СҚО, Қостанай облыстарында болды.