Қазақстанда түсті металлургия өндірісінің көлемі артты

Қазақстанда түсті металлургия өндірісінің көлемі артты
Сурет: Ltruck-service.ru

Өндіріс көлемі 7,6 пайызға артқан.

2022 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша, еліміздегі өңдеу өнеркәсібі саласында оң үрдіс байқалуда. Атап айтқанда, биыл түсті металлургия өндірісінің көлемі 7,6 пайызға артқан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мамандардың айтуынша, рафинадталған мыс, алтын құймалары, күміс түйіршіктері, тазартылған алтын мен күміс, рафинадталған қорғасын және катодты мыс өндіру көлемі өскен.

«Көптеген кәсіпорындарда өнеркәсіпті модернизациялау бойынша жұмыстар жүргізіліп, жаңа жобалар іске қосылуда. Мәселен, «Алтыналмас АК» АҚ компаниясы Жамбыл облысындағы «Ақбақай» алтын кен орнының өндірістік алаңдарында модернизация жүзеге асыруда. Осыған орай кен барлау жұмыстарында пайдаланылатын құрал-жабдықтар жаңартылып, диірмен құрылысы аяқталды және қажетті техникалар сатып алынды. Сондай-ақ «Цифрлық кен орны» жобасын өндіріске енгізу аясында SCADA қашықтан басқару бағдарламасы қолданылмақ», - делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сонымен қатар Фаза-2 алтын алу фабрикасын іске қосу да көзделіп отыр. Аталған кәсіпорын алтын рудаларын қайта өңдеуді жылына 1,2 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Сәйкесінше, жылына алтын өндірісі көлемі 13 пайызға артпақ.

Сондай-ақ «Алтыналмас» компаниясы қоршаған ортаны қорғауға да өз үлесін қосуда. Кәсіпорын баламалы қуат көздері арқылы парниктік газдар шығарындыларын азайтып, ауаға бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшерін азайтуда. Кәсіпорынға тиесілі Қарағанды облысындағы кен орындарында күн сәулесі арқылы қуат алатын арнайы бағандар орнатылды. Олар бір-бірінен жарты шақырым қашықтықта орналасқан. Жалпы аумағы 10,85 шақырымды құрайды.