Қазақстан мен Сингапур арасында тікелей рейс ашу жоспарлануда

Қазақстан мен Сингапур арасында тікелей рейс ашу жоспарлануда
Сурет: Іnbusiness.kz

Еларалық келісім жасалып жатыр.

Қазақстан мен Сингапур арасында тікелей әуе қатынасын ашу бойынша келіссөздер жүргізілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Ұшу географиясын кеңейту және халықаралық рейстерді ұлғайту шеңберінде Қазақстан мен Сингапур арасында тікелей әуе қатынасын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Осылайша, Қазақстан мен Сингапурдың авиациялық билік органдары бейне-конференц байланыс арқылы келіссөздер жүргізді.

Қазақстандық делегацияны ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Сингапур делегациясын Азаматтық авиация басқармасының бас директоры Хан Кок Хуан басқарды.

Келіссөздер барысында қазақстандық тарап тікелей рейстерге қызығушылық танытып, сингапурлық әуе компанияларға Қазақстандағы «ашық аспан» режимін, оның ішінде әуе еркіндігінің «бесінші дәрежесі» құқығын пайдалануды ұсынды. Сингапурлық тарап «ашық аспан» режимін құптап, бұл ұсыныс өз әуе компанияларымен пысықталатынын хабарлады.

Тараптар 2023 жылғы шілдеде сингапурлық әуе компаниялар мен «Сингапур-Чанги әуежайының» қатысуымен өтетін кездесу шеңберінде әуе қатынасын ашу мәселелерін талқылауды жалғастыруға келісті. Бұл ретте Сингапур тарапы өздерінің Азаматтық авиация академиясында оқудан өту мүмкіндігін хабарлады. Сондай-ақ қазақстандық тарап «Эйр Астана» әуе компаниясының елдер арасындағы ұшуларды орындауды бастау жоспарын құптады.