Ғылым саласындағы ынтымақтастық арта береді

Ғылым саласындағы ынтымақтастық арта береді
Суреттерді түсірген - Қ.Қоныспаев

Тәуелсіздік күні аясында «Қазақстан мен Ресейдің ғылыми-академиялық ынтымақтастығы: жағдайы мен болашағы» тақырыбында «Дөңгелек үстел» өтті.

Ғылыми іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты мен Ресей Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар жөніндегі ғылыми ақпарат институты ұйымдастырды.  

Отырыс барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы ғылыми-академиялық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқылап,  саясат пен мәдениеттегі өңірлік процестерді дамытудың жолы айтылды.  

«Дөңгелек үстелде» ФСДИ Бас директоры, ҚР ҰҒА Бірінші Вице-президенті Серік Сейдуманов, Ресей Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар жөніндегі ғылыми ақпарат институтының Таяу және посткеңестік Шығыс бөлімінің меңгерушісі В.А.Аватков, ФСДИ Саяси зерттеулер орталығының басшысы Айдар Әміребаев, т.б. ғалымдар баяндама жасады.

Тақырыпқа орай

Айдар ӘМІРЕБАЕВ, ФСДИ Саяси зерттеулер орталығының басшысы:

Осы жылда біздің институт сыртқы саясатқа көбірек көңіл аударды. Биыл бірнеше елден делегация келіп, ғылым турасында ұсыныстарын білдірді. Келісім-шартқа келіп, маңызды бастамаларды қолға алдық. Бүгін Ресейден келген делегация өкілдерімен конференция өтті. Кездесуде халықаралық, ғылыми ортақ мәселелерге сараптама жасалды.

Жақында Астана қаласында Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығы атап өтілді. Соған орай институт ерекше зерттеу еңбегін шығарды. Қазақстанның сайлау жүйесі туралы кітапты Ресейден келген әріптестерге таныстырдық. Келесі жылы Ресейде Президент сайлауы өтеді.

Екі елдің сайлау жүйесін салыстырып, тағы бір еңбек дайындау жоспарда бар.