Бизнеске берілетін өтеусіз гранттарға өтінім қабылдау басталды

Бизнеске берілетін өтеусіз гранттарға өтінім қабылдау басталды
Сурет: QazWeek

Алғашқы лекте 2 577 адамға грант беру жоспарланып отыр.

Қазақстанда 1,4 млн теңгенің гранттарына өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Мемлекеттік грант жаңа бизнесті іске қосу және дамыту үшін өтеусіз беріледі.

"Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары.

Өтінімдер Business.enbek.kz порталында қабылданады. Гранттың көлемі - 400 АЕК-ті (1 380 000 теңге). Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Өтінім беру үшін:

- порталда тіркелу;

- грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

- бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

- өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.

Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады. Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға мемлекеттік грант алуға үміткерлер:

- тіркелген жұмыссыздар;

- жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін)

- мүгедектігі бар адамдар;

- қолданыстағы "қандас" мәртебесі бар адамдар;

- өңіраралық қоныс аударушылар

- аз қамтылған отбасы мүшелері;

- көп балалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);

- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);

- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуға тиіс.