Қазақстан кәсіпкерлері тұңғыш рет халықаралық ірімшік байқауына қатысады

Қазақстан кәсіпкерлері тұңғыш рет халықаралық ірімшік байқауына қатысады
Сурет: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бұл халықаралық конкурсқа Қазақстаннан бұрын соңды ешкім қатыспаған.

Маңғыстаулық «Жеті лақ» фермасы Mondial du fromage-2023 халықаралық ірімшік байқауына қатысады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің ақпаратына сай, қазақстандықтар конкурс ұйымдастырушыларынан алғаш рет аккредитация алды.

2020 жылдан бастап жұмыс істейтін «Жеті лақ» фермасы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылында орналасқан.

Кәсіпкерлер пастерленген ешкі сүтін, йогурт, айран, сүзбе, қаймақ және ірімшіктің 12 түрін шығарады.

Кобзевтер отбасы айына 3,5 тонна ешкі сүтін өндіреді. Ферма 10 га жерді алып жатыр, оның төрт гектары ешкі өсіруге арналса, қалған аймақта жем-шөп қоймасы мен сүт өңдеу цехы орналасқан.

«Биыл біз өндірісті дамытуға бағытталған қайтарымсыз 5 млн теңге грант ұтып алдық. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламаларының қатысушыларымыз. Ауыл шаруашылығы кәсіпорнын өз ақшаңа дамыту өте қиын, осы тұрғыда мемлекет ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырғаны қуантады. Биылғы жылы біз үшін маңызды оқиға Mondial du fromage-2023 халықаралық ірімшік байқауына қатысу. Онда біз өз өнімдерімізді таныстырамыз. Айта кету керек, еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан алғаш рет әлемдік ірімшік жасаушылар байқауына өз өнімдерін ұсынатын болады», - деді ірімшік дайындаушы Александра Григолова.

Француздық Le Mondial du fromage байқауы қыркүйек айының 10-12 аралығында Тур қаласында өтеді.

Еуропада өтетін бұл халықаралық іс-шара - сүт өнімдерін шығарушы кәсіпкерлердің өз өнімдерін ұсына алатын жоғары деңгейдегі алаң.