Қазақстан асық атудан Еуразия кубогына қатысып жатыр

Қазақстан асық атудан Еуразия кубогына қатысып жатыр
Сурет: SportPress.kz

Аталмыш кубок Түркияда басталды.

Жарыста Қазақстан құрамасының үш командасы бақ сынайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Түркияның Анталия қаласында асық ату мен тоғызқұмалақтан Еуразия кубогы басталды. Оған Қазақстан құрамасы сапында асық атудан 3 команда болса, Түркия 5 команда қатыстырып жатыр.

Бұдан басқа, Қырғызстан, Чехия, Германия және Румыниядан келген асықшылар жарыс көрігін қыздыра түскен. Жалпы алғанда, асық ату мен бес асықтан барлығы 66 спортшы сынға түсіп отыр.

Кеше жарыстың бірінші күні алдын ала ойындар болды. Бүгін де өзара мықтылар анықталып, 2 ақпан күні жартылай финалға шыққандар белгілі болады. Финалдық ойындар 3 ақпан күні өтіп, Еуразия кубогының иегерлері анықталады.

Назарларыңызға Түркияда ел намысын қорғап жатқан ұлттық құрама мүшелерінің тізімін ұсынамыз:

АСЫҚ АТУ

«Қазақстан – 1»

  1. Еркебай Сәрсеков
  2. Тимур Әбілов
  3. Қалибек Қуан

«Қазақстан – 2»

  1. Саят Қизат
  2. Алмас Жармағамбетов

«Қазақстан – 3»

  1. Қайрат Жетпісов
  2. Қуат Бораналин

«Қазақстан – 1» құрамасы сапындағы Еркебай Сәрсеков – былтыр Румынияда өткен әлем кубогының иегері.

БЕС АСЫҚ

«Қазақстан – 1»

  1. Сәния Зейкенова
  2. Мереке Шанабай

«Қазақстан – 2»

  1. Мерей Сүлеймен
  2. Көгершін Думан

Бес асықтан ұлттық құрама мүшесі –  Сәния Зейкенова Азия чемпионатының жүлдегері. Додаға Қырғызстаннан келген халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Искендер Кожокеев пен Нурмухамед Абдоловтар да қатысып отыр. Еуразия кубогына Жомарт Сабыржанов бастаған төрешілер Самат Аукенов пен Ағжан Сұрағановтар қазылық етеді.