Алматының инфекциялық стационарларында коронавируспен ауыратындар саны бірнеше есе азайды

Алматының инфекциялық стационарларында коронавируспен ауыратындар саны бірнеше есе азайды
Almaty-akshamy.kz

Алматыдағы ковидтік стационарларда 283 адам, оның ішінде 10 бала бар. Қала тұрғындары арасында инфекцияның расталған жағдайларының саны азайды, деп хабарлады мегаполистің қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев.

Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында спикер инфекциялық госпитальдардағы төсектердің жартысынан көбі бос екенін атап өтті. 20 медициналық мекемеде барлығы 845 төсек-орын бар.

Интенсивті терапия реанимация бөлімшелерінде 32 пациент бар, ӨЖЖ аппараттарына 11, инвазивті емес ӨЖЖ-ге 6 адам қосылған, 6 High flow аппараты жұмыс істейді.

МСАК мобильді бригадалары мен телемедицина орталығының бақылауында 647 пациент бар, олардың басым бөлігінде КВИ белгілері бар.

Нариман Табынбаевтың айтуынша, қаланың барлық медициналық нысандары Наурыз мерекесіне дайын. Қонақтар мен қала тұрғындары үшін эпидемиологиялық қауіпсіздік толық көлемде қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, Н. Табынбаев пандемияны аяқтау үшін бетперде киіп, вакциналаудан өту қажеттігін атап өтті. Ол алматылықтар аурудың таралуына жол бермеу үшін иммундық жағдайды сақтап, оны қолдауы керек деп санайды.

«Вакциналанған адамдар әлі күнге дейін ауруханалардағы КВИ пациенттерінің аз бөлігін құрайды. Қазір ең бастысы – вирустың таралуын тоқтату, вакциналар мен сақтық шараларын қолдану. Сонымен қатар, екі екпе жасағандарға бустерлік доза қажет», - деп атап өтті қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

3 наурыздағы жағдай бойынша, Алматыда бірінші компонентпен 1 145 655 адам, екінші компонентпен 1 103 529 адам егілді. Егілген адамдардың жалпы санының ішінде 60 жастан асқандар - 124 997 адам. 261 021 алматылық ревакциналаудан өтті.

Қалада әлі де медициналық ұйымдарда 137 вакциналау пункті жұмыс істейді.