Қазақша мәтінді дыбысқа айналдыратын Telegram-бот пайда болды

Қазақша мәтінді дыбысқа айналдыратын Telegram-бот пайда болды
Сурет: Ашық дереккөз

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзінің Telegram-арнасында жазды

"Тіл-Қазына" орталығы қазақша мәтінді дыбысқа айналдыратын Telegram-бот әзірледі, деп жазады Almaty-akshamy.kz. 

Ведомство басшысының айтуынша, бұл инновациялық бот - коммуникация саласындағы үлкен жаңалық. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар адамдарға, қазақ тіліндегі ақпаратқа тез қол жеткізгісі келетіндерге жаңа мүмкіндіктер береді. 

"Microsoft Azure интеграциясы арқылы Telegram-бот қазақ тілінде жазылған мәтінді жоғары деңгейде дыбысқа айналдырып, түрлендіре алады. Бұл қазақ тіліндегі кітаптарды, жаңалықтар мен мақалаларды, оқу материалдарын және басқа да мәтіндерді әртүрлі жағдайда пайдалануға мүмкіндік туғызады. Осыған орай пайдаланушылар аталған ботты өз контактілеріне қосып, оған бірден қазақ тіліндегі мәтінді жіберу арқылы жаңа функционалды қолдана алады", - деп жазды министр. 

Саясат Нұрбек ботты Телеграмм каналында @kztts_bot атауы арқылы табуға болатынын жеткізді.

"Бот мәтінді жылдам әрі сапалы дыбыстап, пайдаланушыға аудиофайлды кез келген уақытта тыңдай алатындай етіп қайта жолдайды. Қазіргі таңда бот Айгүл мен Дәулеттің дауысы арқылы дыбысталады", - деді ол. 

Министрдің сөзінше, бұл Telegram-бот қазақ тіліндегі ақпаратқа қолжетімділікті арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.